Бағдат Мусин: Пандемия кезінде біз интернеттің қандай қажет екенін түсіндік

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин ұялы операторлардың базалық станциялары қалай орнатылып жатқанын айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында үкіметтік емес ұйымдармен диалог жүргізіп келеміз. Әрине, егжей-тегжейлі зерттеуді қажет ететін мәселелер бар. Біз бұл сұрақтарды жазып алып, толық жауап беруге тырысамыз. Президент цифрландыруды барлық реформалардың базалық элементі ретінде дамытуды ұсынған еді, біз цифрландырудың барлық салаларды қолдайтын құрал екенін түсінеміз. Бұл ретте біздің министрлік бірнеше бағытта жұмыс істейді. Біріншіден, базалық инфрақұрылым жасау, яғни, біздің міндетіміз – халықты сапалы байланыс арналарымен қамтамасыз ету. Пандемия кезінде біз интернеттің қандай қажет екенін түсіндік», - деді министр ІХ Азаматтық форумда үкіметтік емес ұйымдармен кездесу барысында.

Оның айтуынша, пандемияға дейін де 2018 жылдан бастап «Талшықты-оптикалық байланыс желісі ауылға» жобасы басталған, оның аясында талшықты-оптикалық байланыс желілері 1200-ден астам елдімекенге жеткізілуі тиіс. Сонымен бірге, Елбасы 250 адам тұратын елдімекендердің де интернетке қосылуын тапсырды.

«Біз қазір барлық жерде базалық станциялар орнатып жатырмыз. 3G, 4G мобильді интернет арқылы базалық станцияны орнату – бір мәселе болса, екінші мәселе – арнаны қамтамасыз ететін трансмиссияға қосылу. Егер базалық станция радиорелелік жабдық арқылы қосылса және ол қашық орналасса, оған ауа райы әсер етеді. Яғни, базалық станция – барлық ауруды емдеп жазатын панацея емес. 250-ден астам тұрғыны бар барлық дерлік ауылдарда орнатылатын 3G, 4G осы базалық станцияның неге жалғануына байланысты болады. Егер оптикалық арнаға қосылса – сапасы тамаша болады. Ал радиорелелік жабдық болса, әрине, сапасы сәл төмен болады. Ал спутниктік арна арқылы қосылсаңыз, сапасы одан да төмен болады. Әзірге Қазақстанның барлық 4 137 ауылына оптика жеткізудің мүмкін еместігін түсінеміз. Біз оның қанша тұратынын есептейміз. Қосымша бюджеттен ең кемі 300 млрд теңге қажет болады. Бұл тек күрделі шығындарға арналған қаржы, одан бөлек жыл сайын инвестициялауды қажет ететін операциялық шығындар бар. Ауылдағы 250 тұрғынның бәрінде телефон болып, әрқайсысы 1000 теңгеден төлесе де, 250 мың теңге ғана жиналады. Ал базалық станцияны күтіп ұстау мен ірі шығындарға әлдеқайда көп қаржы керек және мұнда инвестицияларды қайтару бойынша еш көрсеткіш байқалмайды», - деп түсіндірді Бағдат Мусин.

Сонымен бірге, министр тұтас елді оптикамен қамту мақсаты қойылмағанын атап өтті.

«Сондықтан операторлар мемлекет осындай міндет қойса, инвестицияларды қайтару нұсқаларын қарастыру мәселесін көтерді. Біріншіден, біз радиожиіліктер төлеміне 90% жеңілдік қарастырдық. Егер олар бұл соманы ауылдық инфрақұрылымды дамытуға жұмсайтын болса, төлемеуге рұқсат бердік. Яғни, әр ауылға сапалы байланыс біртіндеп жетуі үшін осы қадамды таңдадық. Басқа міндеттемелерді біз қатаң қадағалайтын боламыз. Егер олар орындалмаса, салықтар толығымен есептеледі. Интернет бойынша бұл міндетті осындай жолмен шешеміз. Сонымен қатар, төмен орбиталық спутниктермен де жұмыс жүргізудеміз, олар бірнеше Starlink операторларын іске қосуға тырысып жатыр. Қазір олар сынақтан өтіп жатыр. Біздің республикалық ғарыштық байланыс орталығы да осындай байланыс түрінің операторы болуы үшін келіссөздер жүргіземіз. Біздің алдымызда бүкіл елді оптикамен қамту мақсаты тұрған жоқ. 250 адам тұратын ауылдарда кейін 150 тұрғын қалады деп болжануда. Бес жылда бүкіл ауыл көшіп кетуі мүмкін. Урбанизация үрдісі жүріп жатқаны түсінікті. Сондықтан біз Ұлттық экономика министрлігінің жоспарына сәйкес жұмыс атқарып келеміз, министрлік 3 мыңнан астам елдімекеннің келешегі бар деп айқындады, сол ауылдарды қажетті сапалы байланыспен қамтамасыз етеміз, - деді Бағдат Мусин.
Соңғы жаңалықтар