Бағдат Мусин KazSat-2R жобасынан неге бас тартқанын түсіндірді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат –Қазақстан KazSat геостационарлы спутник желелерінен бас тартып, төмен орбиталы спутниктік технологияларға басымдық бермекші, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин аталмыш шешімнің түпкі мәнін былай деп түсіндірді.

«Бізде KazSat-1 және KazSat-2 деген екі спутник бар. 2024 жылы KazSat-2 қолданыстан шығады. Баяғыдан бері осы мерзімде оны жаңа спутникпен алмастыру жоспарланған болатын. Бірақ, қазір Starlink, One Web сияқты төмен орбиталы спутниктердің технологиясы дамығандықтан, заман талабына бейімделуді ойластырып жатырмыз. Бір жыл бұрын ғана бұл технологиялар сынақтан өтпеген болса, қазір қолданысқа енгізіліп жатыр. Сондықтан біз керісінше аталмыш өндіріс орындарымен әріптестікке жол ашып жатырмыз. Бағана айтқан 1200 ауылға сапалы интернет жеткізу үшін Starlink, One Web, SES өндірушілерімен қатар келіссөз жүргізіп жатырмыз. Аталмыш ауылдарға интернет жеткізудің басқа жолы жоқ болғандықтан, осы заманауи спутник технологияларын пайдалануымыз керек», - дейді министр.

Оның сөзіне қарағанда қазір еліміз қолданып отырған KazSat геостационарлы спутниктердің мүмкіндігі төмен орбиталы спутниктердің шалымына да ілеспей қалған.

«Мен KazSat-2-ні алмастыратын KazSat-2R жобасын бұдан былай қарастырмауды ұсынған болатынмын. Әлемде жаңа технологиялар пайда болып жатқанда геостационарлық спутниктер олардың беретін жылдамдығын бере алмайды. KazSat-2 қазір секундына 8 Мбит интернет бере алады. Ал төмен орбиталы спутниктер 1 Гбит-ке дейін жылдамдық береді. Екеуін салыстыруға да келмейді. Біз уақыты өтіп бара жатқан технологияларға ақша салмауымыз керек. Керісінше замануи технология жасаушылармен әріптестіктің жолын іздейтін боламыз», - деді Бағдат Мусин.

Еске салсақ, бұдан былай ХҚО қызметкерлері дербес деректерге арнайы кодпен ғана кіретін болды.

Бұған дейін Бағдат Мусин елімізде жерді ғарыштан бақылайтын спутниктер шығарылатынын айтқан болатын.

Сондай-ақ, Бағдат Мусин қазақстандықтарға әлеуметтік желіге тіркелген кезде дербес деректерді бермеуге кеңес берді.

Соңғы жаңалықтар