Бағдад Әміреев Ыстанбұлда өтетін Түркі кеңесінің саммитіне қатысты пікір білдірді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің Бас хатшысы Бағдад Әміреев биыл күзде Ыстанбұлда өтетін саммитке қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Биыл Ыстанбұлда біз тарихи саммит өткіземіз. Онда бүкіл Түркі әлемі үшін өмірлік маңызы бар бірнеше шешім қабылданады. Сіздердің бүгінгі тапсырмаларыңызды тиісті түрде іске асыру, сондай-ақ алдағы саммит күн тәртібін мазмұнды түрде қамтамасыз ету мақсатында тиісті ұсыныстар қамтылған. Біріншіден, сіздердің тапсырмаларыңызға сәйкес, хатшылық мүше мемлекеттермен ынтымақтастықта Түркі әлемінің 2040 жылға дейінгі стратегиясының әзірлігін аяқтап, бұл құжатты келесі саммит барысында қабылдауды ұсынамыз», - деді Б. Әміреев Түркі тілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесінің бейресми саммитінде.

Оның айтуынша, хатшылық ұйымның атауын қазіргі құқықтық мәртебесіне сәйкес өзгерту туралы ұсыныстарды да тәмамдайды.

«Байқаушы елдер мен серіктестер үшін жаңа ереже белгілерін аяқтап, келесі самитте оны бекітуді маңызды деп санаймыз. Сонымен қатар, Түркі инвестициялық қорын құру жөніндегі жұмысты тезірек аяқтау мақсатында осы мәселе бойынша шешім қабылдау және оны кезекті саммитте сіздердің мақұлдауларыңызға енгізу үшін, таяу айларда мүше мемлекеттердің экономика әрі қаржы министрлерінің отырысын өткізуді орынды деп санаймыз», - деді Б. Әміреев.

Айта кетейік, Түркі тілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесінің бейресми саммитінде «Түркістан декларациясы» қабылданды.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі инвестиция-интеграциялық қорын құру жұмыстарын тездету керектігін айтты.

Аталған іс-шара барысында ҚР Тұңғыш Президенті, Түркі кеңесінің құрметті төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев «Түркі әлемінің келешегі – 2040» атты құжатқа қатысты пікір білдірді.

«Бұл құжатты биыл күзде Түркияда өтетін кезекті саммитте қабылдаймыз. Бакудегі саммитте Кеңесті Ұйым деңгейіне көтеруді ұсынған болатынмын. Сол маңызды ұсынысты қолдағандарыңыз үшін баршаңызға алғысымды білдіремін», – деді Елбасы.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің 8-ші саммиті 2021 жылдың 12 қарашада Ыстанбұлда өтеді.


Соңғы жаңалықтар