БАӘ Қазақстанмен ынтымақтастыққа ерекше маңыз береді – Әбу-Дабидің мұрагер ханзадасы

None
None
ӘБУ-ДАБИ. ҚазАқпарат – Біріккен Араб Әмірліктері Қазақстанмен ынтымақтастыққа ерекше маңыз береді. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесу барысында Әбу-Дабидің мұрагер ханзадасы шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаян осылай деді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біріккен Араб Әмірліктері Қазақстанмен ынтымақтастыққа ерекше маңыз береді. Біздің мемлекеттер арасында әртүрлі саладағы кең ауқымды ынтымақтастықты бекемдеуде айтарлықтай мүмкіндіктер баршылық. Осыған орай БАӘ мен Қазақстан арасындағы үкіметаралық комиссияның жұмыс қорытындысын ерекше атап өтер едім. Оның отырысы 2019 жылдың қыркүйегінде Әбу-Дабиде өткен болатын», - деді Мұхаммед бен Заид Әл Нахаян.

Әбу-Дабидің мұрагер ханзадасы екі ел арасындағы тауар айналымының өсіп келе жатқанын да тілге тиек етті.

«Кейінгі кезде біздің мемлекеттер арасында тауар айналымы айтарлықтай өсіп келеді. БАӘ – араб әлемінде Қазақстанмен сауда қатынасын ретке келтірген алғашқы мемлекеттердің бірі. Оның үстіне БАӘ-нің Орталық Азияға инвестиция салуында Қазақстан негізгі мемлекетке айналды. Осыған орай екі елдің ғарыш саласындағы ынтымақтастығын ерекше атап өтуге болады. Өткен жылы БАӘ-нің тұңғыш ғарышкері Байқоңыр халықаралық ғарыш станциясынан ғарышқа ұшқан болатын», - деді Мұхаммед бен Заид Әл Нахаян.

Сонымен қатар Абу-Дабидің мұрагер ханзадасы Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Әмірліктердің шейхі Халиф ибн Заид Әл Нахаянмен өте жақын қарым-қатынаста болғанын, екі елдің ынтымақтастығын нығайтуға әрі кеңейтуге үлкен үлес қосқанын баса айтты.

Еске сала кетсек , Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ресми сапармен Біріккен Араб Әмірліктерінде жүр.


Соңғы жаңалықтар