Азық-түліктен тапшылық болмайды– Алматы әкімінің орынбасары

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда ұлттық валютаның құнсыздануына байланысты азық-түлік бағасының өскені байқалады. Бұл туралы онлайн-брифинг кезінде қала әкімінің орынбасары Сапарбек Тұяқбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, әкімдік күн сайын әлеуметтік маңызы бар азық түлік бағасын бақылап отыр.

«Барлық базарлар мен дүкендер бойынша тәулігіне екі рет жедел ақпарат алынады. Азық-түлік бағасы сәл көтерілген. Оның себебі, теңгенің құнсыздануы. Әлеуметтік маңызы жоғары азық-түлік тауарларын қатаң бақылауда ұстап отырмыз. Тұрақтандыру қорынан 5 млрд теңге бөлінді. Осы бағытта келісімшарттар жасалатын болады. Дүйсенбіден бастап іске қосамыз. Бізде өткен аптада 12 мың тонна көлемінде қор бар болатын. Оны қазір «Small» мен «Magnum» дүкендері арқылы белсенді сатып жатырмыз. Аталмыш маркеттердегі баға әлі тұрақты», - деді ол.

Оның айтуынша, қазір қалада бағаны тұрақтандыру үшін ірі жеткізушілермен келісім жүргізіліп жатыр. Келісімшарттар маусым айының аяғына дейін белгіленбек.

Сонымен қатар, мегаполисте мейрамханалар мен дәмханалардың, сондай-ақ онлайн-дүкендердің жұмысы күшейтілген. Сонымен қатар қалаға азық-түлік тасымалдайтын жүк көліктеріне «жасыл дәліз» ұйымдастырылды.

«Бүгінде қалаға сырттан келетін немесе сыртқа шығатын азық-түлік тасымалдаушы көліктер мен логистикалық қызмет түрлеріне «жасыл дәліз» қамтамасыз етілді. Алматыда әлеуметтік маңызды 19 түрлі тауардың түрі бар. Азық-түліктен тапшылық болмайды. Олар тиісті көлемде жеткізіледі», – деді С. Тұяқбаев.


Соңғы жаңалықтар