Азық-түлікке жатпайтын инфляция 5,6-дан 6,4 пайызға дейін жеделдеді - ҰБ

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Биыл азық-түлікке жатпайтын инфляция 5,6-дан 6,4 пайызға дейін жеделдеді. Бүгін Үкімет отырысында ҚР Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Осы жылғы сәуірде Қазақстанда инфляция азық-түлік инфляциясының баяулауы, азық-түлікке жатпайтын және сервистік компоненттердің жеделдеуі кезінде өткен айдағы 7 пайыз деңгейінде сақталды. Азық-түлік инфляциясы нан-тоқаш өнімдері, ет, қант және жеміс-көкөніс өнімдері бағасы өсуінің тежеуілдеуі аясында 10,7-ден 9,8 пайызға дейін баяулады. Іскерлік белсенділіктің жандануы, халық кірістерінің қалпына келуі және импорттың өсуі аясында азық-түлікке жатпайтын инфляция 5,6-дан 6,4 пайызға дейін жеделдеді. Азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасының ай сайынғы өсуі 2017 жылғы қазаннан бастап ең жоғары мәнді көрсетеді. Киім-кешек пен аяқ киімге бағаның өсу қарқыны жылдық мәнде 5,5 пайызға дейін жеделдеді», - деді ҰБ төрағасы.

Сонымен бірге ол мұнай өнімдерін тасымалдау тарифтерінің артуы нәтижесінде ішкі ұсыныстың төмендеуі аясында осы жылдың басынан бастап бензин бағасының 11,6 пайызға өсуі байқалғанын айтты.

«Осы жылғы 27 сәуірде Ұлттық банк азық-түлік тауарларына сыртқы бағалардың өсуіне, сауда әріптес елдердегі инфляцияның жеделдеуіне байланысты проинфляциялық факторлардың сақталу аясында +/-1,0 пайыздық тармақ дәлізімен жылдық 9,0 пайыз деңгейінде базалық ставканы сақтау туралы шешім қабылдады», - деді ол.


Соңғы жаңалықтар