Азық-түлік бағасын тұрақтандыруға баса назар аударылуда - Қызылорда облысы

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысы тұрғындарының көкөніс пен жеміс-жидекке сұранысын қанағаттандыру мақсатында тиісті іс-шаралар қолға алынған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өңірде әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағаларының өсу индексі жыл басымен салыстырғанда 110,2%-ды құрады. Ол орташа республикалық көрсеткіштен 0,3% төмен.

Аймақта көкөніс пен жеміс-жидек өнімдері бағаларының өсуі байқалуда. Оған басты себеп - картоп, сәбіз, пияз қоры азайған. Қоймадағы өткен жылғы күзгі өнімдер таусылды.

Облысты көкөніс және жеміс-жидекпен қамтамасыз ету мақсатында бұл өнімдер еліміздің оңтүстік облыстары және көршілес Өзбекстаннан жеткізілуде. Жазғы уақытта тұрақтандыру қорында немесе өзге де қоймаларда ауқымды көлемде жаңа өнімдер көлемдерін жеткізіп, сақтау мүмкін емес. Жаңа піскен картоп пен сәбіз тез бұзылуға бейім. Жалпы, картоп және көкөніс бағалары көктем және ерте жазда күрт көтерілуі жылда байқалатын құбылыс. Осы орайда Түркістан облысы әкімдігі арқылы сол өңірдегі ерте пісетін картоп, сәбіз өндірушілерімен байланыс орнатылды. Қазіргі уақытта өнімдерді тікелей жеткізу жұмыстарын үйлестіру үшін аудан және қала кәсіпкерлерімен тиісті жұмыстар жүргізілуде.

Бүгінгі таңда облыс нарығында картоп 140-150, сәбіз 260-300 теңгеден сатылуда. Жергілікті жерде пияз әлі пісіп жетілмеген. Сондықтан Өзбекстан, Тәжікстанда өндірілген аталған өнім облыс нарығында бөлшек бағасында 100-110 теңге босатылуда. Түркістан облысының Сарыағаш өңірінде өскен қырыққабат өңір нарығында қалыптасқан сұраныс пен ұсынысқа сәйкес 140-150 теңгеден берілуде.

Сонымен қатар, бағаны реттеу үшін тиісті шаралар қабылданып жатыр.

Мәселен, бағаны тұрақтандыру мақсатында тұрақтандыру қоры жұмыс жасайды.

Бүгінгі күнге тұрақтандыру қорында 1070,7 тонна өнім бар. Оның ішінде бірінші сортты бидай ұны - 616,5, күріш - 99,8, қант - 235,4, макарон - 74, қарақұмық жармасы - 21,9, сүт - 23,1 тоннаны құрайды. Қазіргі таңда «айналым схемасы» арқылы кәсіпкерлерге заем беру тәсілі қолданылуда.

Бүгінде аталған жоба бойынша 5 кәсіпкерлік субъектілеріне 560 млн теңге қарыз берілген. Осыған қол жеткізген кәсіпкерлердің міндеттелген өнімдері Қызылорда қаласында орналасқан 30 әлеуметтік дүкенде және қаланың 5 ірі супермаркет желісінде («Мирас», «Аль-Асад» дүкендер желісінің 8, «Ажар Сити» дүкендер желісінің 2 филиалында, «Анвар», «Қызылорда Оптомаркет») келісім бойынша ашылған әлеуметтік бұрыштарда нарық бағасынан төмен ұсынылады. Биыл қосымша 5 әлеуметтік дүкендерді пайдалануға беру жоспарлануда.

Әлеуметтік сауда орындарындағы өнімдердің бағасына күн сайын мониторинг жүргізіледі. Оған «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы тарапынан бекітілген жауапты қызметкерлер тұрақты бақылау жасайды.

Жалпы әлеуметтік дүкендер мен бұрыштарда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары нарықтан біршама төмен бағада сатылуда. Бүгінгі күнге облыста сауда орындарында азық-түлік тауарларының қоры жеткілікті.


Соңғы жаңалықтар