Азия чемпионаты: Волейболдан Қазақстан қыздары жарыстың келесі сатысына шықты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Оңтүстік Кореяда өтіп жатқан волейболдан қыздар арасындағы Азия біріншілігінің топтық кезеңі мәресіне жетті. Соңғы турда Қазақстан құрамасы Үндістан қыздарынан басым түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

В тобындағы Қазақстан мен Үндістан арасындағы кездесу төрт сетке созылды. Алғашқы сетте біздің қыздар қарсыласына 21:25 есебімен жол берді. Қалған сеттің барлығында жеңіске жетті. Алдымен 25:16, одан кейін 25:19 жеңсе, соңғы сетте 25:18 есебімен басым түсті. Осылайша жалпы қорытынды бойынша 3:1 есебімен қарсыласын қапы қалдырды.

Біздің топтағы тағы бір кездесуде Жапония қыздары Австралияны 3:0 есебімен тізе бүктірді.

Топтық кезеңнің турнир кестесінде бірде-бір ұпай жоғалтпаған Жапония көш басына шықты. Одан кейінгі орындағы Қазақстан 6 ұпай алса, Австралия 3 ұпай еншіледі. Ал барлық қарсыласына есе жіберген Үндістан соңғы орында қалып қойды.

Құрамамыз бұдан бұрын Австралияны 3:0 есебімен жеңсе, одан кейін дәл осы есеппен Жапонияға есе жіберіп қойды.

Қазақстан қыздары енді жеңімпаздар кезеңі сатысында F тобында сынға түседі. Қарсыластары - Жапония, Қытай және Индонезия құрамалары. Ал Е тобында Оңтүстік Корея, Таиланд, Тайвань және Иран құрамалары шеберлік байқасады.

Біздің құрама 22 тамызда Қытаймен ойнайды. Ал 23 тамызда Индонезиямен кездеседі. Азия біріншілігі 25 тамызда мәресіне жетеді.

Біздің қыздар Азия біріншілігінде биыл тоғызыншы мәрте қатысып отыр. Құрамамыз 2005 жылы күміс жүлдегер атанған болатын. Сол жылы финалда Жапонияға 0:3 есебімен жеңіліп қалды. Қыздарымыз өздері қатысқан қалған Азия біріншілігінде алғашқы ондықтан көрініп келеді.


Соңғы жаңалықтар