Ажар Ғиният Қарағанды облысындағы емдеу мекемелерінің індеттің екінші толқынына дайындығын тексерді

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният Қарағанды облысындағы бірқатар медициналық нысандарды аралады. Ол коронавирустың екінші толқынына дайындық барысын тексерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ажар Ғиният алдымен Қарағандыдағы №3 емхананың жұмысымен танысты. Қажетті құрылғыларды, тонометрлер мен тепловизорларды тексерді. Айта кеткен жөн, оның балалар дәрігері болып жұмыс істегені мәлім. Сондықтан, осы мекемедегі балаларды тамақтандыру жөнінде өтіп жатқан шеберлік сабағына қызығушылық білдіріп, мамандармен тілдесті. Сонымен қатар, вице-министрге жаңа туған нәрестелердің есту қабілетін тексеретін аппаратты және балаларды дамыту бөлмесін таныстырды.


Осыдан соң Ажар Ғиният Облыстық жұқпалы аурулар ауруханасындағы инфекциялық-провизорлық госпиталінде болып, емдеу бөлімшелерін көрді. Сондай-ақ, Х.Ж.Мақажанов атындағы инфекциялық госпитальдің жұмысын қадағалады. Бұл мекеме пандемия кезінде құрылған.

Ажар Ғиният ситуациялық орталықта да болды. Оған коронавирустық инфекцияға мониторинг жасайтын құрылғылар көрсетілді.

Сонымен бірге, жедел штабтың жұмысы баяндалды. Мұнда да жедел жәрдем хабарламаларына және тұмау маусымына мониторинг жүргізіледі және науқастарды ауруханаға жеткізу барысы пысықталады.

Жұмыс қорытындысы бойынша вице-министр Облыстық Денсаулық сақтау басқармасында жиын өткізді.

-Дәрігердің қоғамдағы рөлі жоғары бағалана бастады. Медқызметкерлердің беделі артты. Президенттің өзі айрықша назар аударуда. Жоғары жалақы тағайындады,- деді ол.

Жалпы алғанда Қарағанды облысы індеттің екінші толқынына дайын,- деп түйіндеді вице-министр.


Соңғы жаңалықтар