Ажар Ғиният Атыраудағы Теңіз кен орнында санитарлық талаптарды күшейтуді тапсырды

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Атырау облысындағы эпидемиологиялық ахуалды жақсартуды тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Өңірлік коммуникациялар қызметінің мәліметінше, Денсаулық сақтау министрі онлайн форматта өткен коронавирус инфекциясына қарсы республикалық штаб отырысын Атырау облысындағы эпидемиологиялық ахуал қаралған.

Оған Атырау облысы әкімінің орынбасары Қайрат Нұрлыбаев, облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Мәдениет Танауов, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуәлиев, емханалары мен аурухана басшылары қатысты.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуәлиевтың мәліметінше, өңір 11 қаңтарда «қызыл» аймаққа өткен. Соңғы аптада коронавирус инфекциясын жұқтыру 29%-ға өскені байқалады.

«Орташа есеппен тәулігіне 500-ден астам науқас тіркеліп отыр. Індетке шалдығушылар санының артуына байланысты 13 қаңтарда резервтен қосымша 1 780 инфекциялық төсек-орын ашылды. Қазір инфекциялық төсек-орынның саны 2 360-ты құрайды. Ал, жансақтау бөлімінде 106 орын бар. Инфекциялық стационарда 801 науқас емделіп жатыр. Мұндағы жүктеме – 33,9%. Жансақтау бөліміндегі жүктеме 11,3%-ды құрап отыр», -дейді Асхан Байдуәлиев.

Оның айтуынша, өткен жылдан бері медициналық мекемелердің материалдық-техникалық базасы нығайтылған. Қазір бұл мекемелерде жеке қорғаныс құралдары мен дәрілік заттардың 2 айлық қоры бар. Дәрілік заттардың 42 атауы бойынша тұрақтандыру қоры қалыптасқан.

«Қазір амбулаторлық бақылауда 3 443 адам бар. Соңғы аптада науқастардың саны 45 есе көбейді. Үй жағдайында ем қабылдап жатқан науқастарды 129 мобильді бригада бақылайды. Оның ішінде Атырау қаласында 54, аудандарда 75 мобильді бригада бар. Резервтік мобильді бригада саны – 50. Сондай-ақ, соңғы аптада жедел медициналық жәрдемді шақырту 3,9%-ға төмендегені байқалады», -деп мәліметті Асхан Байдуәлиев.

Басқарма басшысы атап өткендей, вакциналардың І компонентін 262 250 адам салдырған. Бұл – өңір тұрғындарының 71%-ы. Вакциналардың ІІ компонентін 245 198 (66%) адам ектірген. Сондай-ақ, 16 560 атыраулық ревакцинациядан өткен. Ревакцинация алатындарға Verocell, QazVak, Komirnati екпелері салынып жатыр.

Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғинияттың өңірдегі эпидемиологиялық ахуалға алаңдаушылығын білдіріп, бірқатар тапсырма берді. Әсіресе, коронавирус инфекциясын жұқтыру қаупі жоғары Теңіз кен орнында санитариялық талаптарды күшейту, тұрғындар арасында вакцина алу мен ревакцинация жөнінде түсінік жұмысын жандандыру, тапшы мамандарды оқыту мәселесі оң шешілуі қажет.

Еске сала кетелік, бұған дейін Теңіз кен орнында 456 адам коронавируспен ауырып жатқанын, кейін Атырау облысында коронавирус жұқтырған 2 науқастың қайтыс болғанын хабарлаған едік.


Соңғы жаңалықтар