Әзербайжанда Абай жылы басталды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін Баку мемлекеттік университетінің үлкен акті залында түркі әлеміндегі Абай жылына және қоғам қайраткері әрі ағартушының 175 жылдық мерейтойына арналған салтанатты шара өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шараны Халықаралық түркі академиясы, Әзербайжан Білім министрлігі, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Баку мемлекеттік университеті және Әзербайжандағы Қазақстан Елшілігі бірлесіп ұйымдастырды. Салтанатты шараның ашылуын Түркі кеңесінің бас хатшысы Б.Әміреев, Халықаралық түркі академиясының президенті Д.Қыдырәлі, ТүркПА бас хатшысы А.Мамаюсупов, Түркі мәдениеті мен мұрасы қорының жетекшісі Г.Эфендиева, ТҮРКСОЙ бас хатшысының орынбасары Б.Чакыджы, БМУ ректоры Э.Бабаев, Еуразия жазушылар одағының төрағасы Якуб Омероглу, Әзербайжан Жазушылар одағының төрағасы Анар Рзаев, Қазақстан, Қырғызстан, Түркия, Мажарстан елшілері, сонымен қатар танымал ғалымдар мен қоғам қайраткерлері қатысты.

Салтанатты шара басталмас бұрын қонақтар Баку мемлекеттік университетінде жұмыс істеп тұрған Абай орталығына барып, көрмеге қойылған кітаптармен танысты. Халықаралық түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі орталыққа 60-қа жуық кітап, оның ішінде қазақ тіліндегі Абай шығармаларын тарту етті. Сонымен қатар Әзербайжан Ұлттық ғылым академиясы Низами атындағы әдебиет институтының ғылыми қызметкері Тұран Теймурдың «Мұхтар Әуезовтің «Абай« романындағы көркемдік мәселелер» (Turan Teymur. Muxtar Auezovun «Abay» romanında sənətkarlıq məsələləri) монографиясының тұсаукесері өтті. Академияда жарық көріп отырған бұл еңбек Мұхтар Әуезовтің шығармашылығына арналған әзербайжан тіліндегі алғашқы ғылыми туынды саналады.

Д.Қыдырәлі Абайдың 175 жылдық мерейтойын тойлау атаулы оқиға екендігін айта келе Абай жылы түркі халықтары арасындағы мәдени қатынастардың дамуына қызмет ететіндігіне сенім білдірді. Ал Баку мемлекеттік университетінің ректоры Э.Бабаев қазақстандық жоғары оқу орындарымен байланыстарға оң баға беріп, екі елдің арасында тарихи байланыстар, бауырластықтың берік тамыры бар екендігін баса айтты.

Салтанатты шара Л.Гумилев атыдағы ЕҰУ профессоры, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Кенжеғали Мыржықбайдың Абай жылының ашылуына арналған концерттік бағдарламасымен жалғасты.

Айта кетерлігі, Түркі академиясы UNESCO аясында Абай мерейтойына арналған халықаралық шараларды Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркия елдерінде өткізіп, ұлы ақынның шығармаларын және М.Әуезовтың «Абай жолы» эпопеиясын түркі тілдеріне аударуды жоспарлап отыр.


Авторы Бекбау Тайманов


Соңғы жаңалықтар