Әзербайжан мұғалімдері қазақстандық әріптестерінің тәжірибесін үйренуге келмек

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Әзербайжан мұғалімдері қазақстандық әріптестерінен тәжірибе жинақтауға келеді. Бұл туралы Әзербайжанның білім министрі Эмин Амруллаев ҚР Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетовпен кездесуінде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Біз Қазақстан ұйымдастыратын оқушылар арасындағы олимпиаданың бірде-бірін жіберіп алмағанымызды мақтанышпен айта аламыз. Әрине, көргеніміз өзіміз үшін өте қызық. Себебі, сіздерде WorldSkills қозғалысы (колледж студенттері арасындағы әлем чемпионаты) ауыз толтырып айтарлықтай деңгейде дамыған. Бізге Қазақстанның тәжірибесін зерттеуге уақыт керек. Мүмкін кейбір командалар біздің балалармен бірге жаттығады. Мысалы, физика, информатика, математика пәндерінен олимпиадаларда. Біз елімізде STEAM фестивалін өткіземіз және оған қазақстандық мектептерді қатысуға шақырамыз. Менің ойымша, мектептермен бірлесіп жұмыс істеу бізге қызықты болады. Қазан айында мұғалімдеріміз Қазақстанға келіп, әріптестерінің тәжірибесін үйренуі үшін тиісті құжаттарды жібере аламыз», - деді Эмин Амруллаев.

Ол сондай-ақ, Қазақстан мен Әзербайжан үшін аймақтық білім беру платформасын құру идеясы туралы айтты. Қазірдің өзінде Әзербайжан, Түркия, Грузия және Беларусь елдері осы бағытта ынтымақтастық орната бастады.

ҚР Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов Қазақстанның бірлесіп жұмыс істеуге дайын екенін атап өтті. Ведомство басшысы еліміз қазақстандық балалардың STEAM фестиваліне қатысуына жағдай жасайтынын және әзербайжандық мұғалімдер үшін таныстыру жұмыстарын жүргізетінін айтты.


Соңғы жаңалықтар