Азаматтық авиация комитеті ұшақта үй жануарын тасымалдау ережесін түсіндірді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Азаматтық авиация комитеті әуе кемесінде үй жануарларын тасымалдау ережелерін түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жануарлар мен құстарды тасымалдау үшін алдымен әуе компаниясының келiсiмін алу қажет. Ол үшін ұшатын, ұшуға бет алған және транзитпен ұшатын елдердің ветеринарлық органдары берген құжатты көрсету керек.

Жолаушы жануарлар мен құстарды тасымалдау үшiн ауа кiретiн контейнерлері (тормен) болуы тиіс. Контейнердiң немесе тордың түбi су өткiзбейтін және сіңіргіш материалмен қапталған болуы керек. Жануарлар мен құстарды ауа кiретiн саңылауы бар тығыз жабылған себеттерде, қораптарда тасымалдауға да рұқсат етіледі. Құстардың торлары тығыз жарық өткізбейтін матамен жабылады.

Тасымалданатын жануар мен құстың салмағы, оның iшiнде контейнер (тор) мен тамағының салмағы, тегiн тасымалданатын багаж нормасына кiрмейдi және тариф бойынша ақы төленедi.
Жануарлар тiркелген багаж ретінде ғана әуе кемесiнiң оқшауланған жүк бөлмесiнде тасымалданады. Егер ұшу оқшауланған жүк бөлмесi жоқ әуе кемесiмен орындалатын болса, онда жануарлары бар торлар жолаушылар салонына орналастырылады.
Көру қабілетінен айырылған жолаушымен ерiп жүрген жетектеушi иттер тегін, торсыз тасымалданады. Итте қарғыбау мен тұмылдырығы болуы тиіс. 

Соңғы жаңалықтар