Азаматтық авиация әкімшілігі «Bek Air» дәлелдерінің негізсіз екенін мәлімдеді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанның авиациялық әкімшілігі «Bek Air» АҚ-ның өтінішінде келтірілген дәлелдердің негізсіз екенін мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Азаматтық авиация комитетінің Facebook-тегі парақшасында жарияланған ақпаратқа қарағанда, әуе компанияның өтінішінде Қазақстанның авиациялық әкімшілігі пайдаланушы сертификатын қабылданған шешім туралы хабардар етпей және себебін көрсетпей тоқтатты деп көрсетілген. «Bek Air» АҚ пікірінше, бұл «Азаматтық әуе кемелерін пайдаланушыны сертификаттау және оған сертификат беру қағидаларын» бұзу болып саналады.

«Аталған дәлелдер келесі жағдайлар байланысты негізсіз болып табылады. Пайдаланушы сертификатының қолданылуын тоқтата тұруға «Фоккер-100» ұшағының апаты себеп болды. Бұл туралы 2019 жылғы 27 желтоқсанда «Bek Air» АҚ атына жіберілген РД270510 радиограммасында тікелей көрсетілген. Мұндай шешім «Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы» Заңға сәйкес қабылданды. Онда сертификаттың қолданылуы ұшу қауіпсіздігіне тікелей қатер төндіретін заңнама талаптарының елеулі бұзылуы анықталған кезде шектелетіні көрсетілген. Сондай-ақ бұл шара жоғарыда көрсетілген қағидалардың талаптарын негізге алады. Оған сәйкес уәкілетті ұйым пайдаланушы сертификаттық талаптар мен шектеулерді сақтамаған жағдайда пайдаланушы сертификатының қолданылуын тоқтата тұрады», - делінген таратылған ақпаратта.

Комитет дерегінше, әуе компаниясы жасаған бұзушылықтарды дәл сол күні қаралған әуежайдың бейнежазбасы растайды. Онда апатқа ұшыраған ұшақты ұшуға дайындау кезінде мұздануды жою немесе оның алдын алу жөніндегі сертификаттау талаптары орындалмағандығы, сондай-ақ пайдаланушы олардың орындалуын бақылауды қамтамасыз етпегендігі көрінеді.

Сонымен қатар бұл «Қазақстан Республикасының азаматтық авиациясында ұшуды жүргізу қағидаларын» өрескел бұзу болып саналады. Қағидаға сәйкес егер қанаттардың, фюзеляждың, басқару органдарының, әуе винттерінің, алдыңғы әйнектің, күш қондырғысының беттерінде немесе әуе кемесінің барометриялық аспаптарының ауа қысымын қабылдағыштарында қырау, дымқыл қар немесе мұз болса, ұшуды бастауға рұқсат етілмейді.

«Осыған байланысты, «Bek Air» АҚ-қа тиесілі басқа әуе кемелерінің ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында, 2019 жылғы 27 желтоқсанда Қазақстанның авиациялық әкімшілігі пайдаланушы сертификатының қолданылуын тоқтата тұру туралы шешім қабылдады. Сол күні Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың тапсырмасымен «Bek Air» АҚ қызметіне жоспардан тыс тексеру тағайындалды. Әуе компанияның персоналы, оқу бағдарламалары, қондырғылары, процедуралары мен ұшақтары ұшуға жарамды және талаптарға сәйкестігіне көз жеткізу мақсатында тексеріледі. Жоғарыда көрсетілген радиограмма пайдаланушы сертификатының қолданылуын тоқтата тұру туралы қабылданған шешімнің хабарламасы болып табылады», - дейді ведомстводан

Айта кетерлігі, заңнамаға сәйкес, заң бұзушылықты жою туралы инспекциялық нұсқама әлі аяқталмаған тексеру қорытындысы бойынша беріледі. Сондай-ақ қазіргі уақытта Қазақстанның авиациялық әкімшілігімен пайдаланушының қызметінде жүргізіліп жатқан жоспардан тыс тексеру аясында «Bek Air» АҚ бұған дейін берілген сертификатының сәйкестік мәселесі зерттелуде.



Соңғы жаңалықтар