Айжан Ысқақова «Бөкейорда» резерваты неге құрылмағанын сұрап, Үкіметке сауал жолдады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Мәжіліс депутаты Айжан Ысқақова Батыс Қазақстан облысында «Бөкейорда» мемлекеттік табиғи резерватын құру жобасы неге тоқтап қалғанын сұрап, Үкіметке сауал жолдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Үкімет басшысының орынбасары Ералы Тоғжановтың атына жолданған сауалда Бөкейорданың экологиялық ахуалы сөз болған.

Мәжілісмен Батыс Қазақстан облысында «Бөкейорда» мемлекеттік табиғи резерватын құру жобасы аяқсыз қалғанына алаңдаулы. Ол резерват құру арқылы Батыс Қазақстанда жойылып бара жатқан 9 түрлі сүтқоректінің, соның ішінде Жайық киіктерінің популяциясын сақтауға болатын еді деп отыр.

«Бөкейорда» мемлекеттік табиғи резерватын құрудың техникалық-экономикалық негіздемесін дайындау жөніндегі іс-шаралар ҚР Үкіметінің 2010 жылғы 10 қыркүйектегі № 924 қаулысымен бекітілген. 2010-2014 жылдарға арналған «Жасыл даму» салалық бағдарламасына енгізілді. Алайда, табиғи резерват құруға бағытталған іс-шаралар белгісіз себептермен тоқтатылды. Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің 2021-2023 жылдарға арналған бюджеттік бағдарламасында да бұл жұмысты қаржыландыру қарастырылмаған» - дейді депутат.

Мәжілісменнің мәліметіне сенсек, іргедегі Ресейдің Волгоград облысында қысқа мерзімде ЮНЕСКО-ның көмегімен «Эльтон көлі» биосфералық резерваты құрылып, жұмысқа кіріскен.

Ресей тарапы енді Қазақстанға ЮНЕСКО аясында Батыс Қазақстан облысында мен Волгоград облыстарында трансшекаралық биосфералық табиғи резерват құру жобасын ұсынып отыр.

«Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, Қазақстан халық партиясының депутаттары «Бөкейорда» мемлекеттік табиғи резерватын құруды аяқтап, қажетті бюджет қаражатын қарастыру керек деп санайды», - делінген депутаттық сауалда.


Соңғы жаңалықтар