Айман Омарова «Халық үні» жобасы бастау алған Шығыстағы Абай ауданы халқының проблемаларын атады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, «Altyn Qyran» және «Human Rights Lawyers» қорларының қолдауымен басталған «Халық үні» жобасының тұсаукесері жақында хакім Абайдың киелі топырағында өтті. Жалпы бұл қандай жоба? Ол жобаны кімдер жүргізеді? Бұл бастаманың мақсаты қандай? Жоба ауылдағы қарапайым жұртшылықтың проблемаларын шеше ала ма? Міне осы сұрақтарды жобаны бастаған Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі, құқық қорғаушы Айман Омароваға қойып көрген едік.

Жалпы Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Болат Тілепов «Халық үні» әлеуметтік жобасы туралы өткен айдағы баспасөз мәслихаттарының бірінде кеңірек айтып берген еді. Вице-министрдің айтуынша елімізде түрлі әлеуметтік мәселелермен айналысатын 22 мыңнан астам үкіметтік емес ұйым тіркелген. Бірақ нақты істердің басында белсенділік көрсетіп жүргендердің саны 5 мыңнан аспайды. Бұл дегеніміз қаншама бастама мен әлеуметтік мәселе өз белсендісін таппай жүргенін білдіреді.

Міне осы олқылықтарды ретке келтіру үшін Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің тікелей қолдауымен ҚР Президентінің жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі, құқық қорғаушы Айман Омарованың бастамасымен және «Altyn Qyran», «Human Rights Lawyers» қорларымен әріптестікте «Халық үні» әлеуметтік жобасы қолға алынған.

«Бұл жоба үшжақты әріптестіктің бірегей көрінісі, ауылдардағы қарапайым адамдардың мәселелерін шешудің, осы арқылы Мемлекет басшысы жариялаған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасының іс барысында орындалуының бірден бір үлгісі болады деген үміттеміз», - деген еді Болат Тілепов.

Жобаның тұсаукесері өткен аптада Шығыс Қазақстан облысының Абай ауданында өткен. Құқық қорғаушы Айман Омарованы сөзге тартқанымызда, ол бұл жобаны бастауға қандай мәселелер мұрындық болғанын айтып берді.

«Халықтың арасында жүріп, тыныс-тіршілігін таразылау барысында әрбір қазақстандықтың құқықтық сауаты төмен екенін байқадым. Әсіресе жөнді-жөнсіз бюрократиялық кедергілердің салдарынан мемлекеттік бағдарламаларға қатыса алмай, қиналып жүргендер көп. Екінші проблема – тіл мәселесі. Өзіңіз білетіндей, ауылда тұрып жатқандардың дені қазақ тілді азаматтар. Бізде сол азаматтарға қазақша түсіндірілетін бағдарламалар аз екен», - дейді қоғамның өзекті мәселелері жайлы Айман Омарова.

Құқық қорғаушы осы «Халық үні» жобасы барысында алға негізгі алты міндетті қойып отыр. Олар:

1. Билік пен бұқараның арасындағы байланысты нығайту;

2. Мемлекеттік қызметтерді, әлеуметтік төлемдерді алу шарттарын тұрғындарға кеңінен түсіндіру;

3. Әлеуметтің әл-ауқатын арттыру мақсатында жүзеге асып жатқан мемлекеттік саясатты жан-жақты түсіндіру, мемлекеттік бағдарламаларға қатысу белсенділігін арттыру;

4. Шалғай аймақтардағы тұрғындарды ақпараттандыру саласын жетілдіру;

5. Халық арасында түрлі әлеуметтік мәселелерді талдап-таразылап, мониторинг жасау;

6. Мемлекеттік органдардың жұмысының дұрыстығын қамтамасыз ету арқылы халықпен ұдайы кері байланыс орнату.

«Қазіргі заман ақпараттық технологиялардың арпалысқан кезеңі. Ал ақпаратты интернет, цифрландыру тетіктері арқылы тиімді құрал ретінде пайдалануымыз керек. Мысалы осы жоба аясында жақында Семей қаласы мен Абай ауданына барып келдік. Қандай кемшіліктерді байқадық? Абай ауданында халықтың қандай проблемалары бар? Оларды қалай шешуге болады? Алдымен Семейге барып «Адал көмек» жобасы аясында жиын өткіздік. Содан соң Абай ауданындағы кітапханаға бардық. Бізбен бірге Абай ауданына Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қызметкерлері, «Human Rights Lawyers» құқық қорғаушылар қорының, «Altyn Qyran» қорының өкілдері болды. Сондай-ақ бізбен Абай ауданына барған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің де қызметкерлері көп көмектесті», - дейді Айман Омарова.

Абай ауданында 9 ауылдық округ бар екен. Ондағы халықтың негізгі табысы – мал шаруашылығы. Аудандағы мүмкіндігі шектеулі жандардың жағдайын талдаған жобадағы топ жетекшісі ауылда бір емхана мен бір амбулаториялық пункт барын айтады.

«Бұл аудандағы азаматтардың ең үлкен проблемасы – мүгедектіктің мәселесі. Сонымен қатар Абай ауданының халқы зейнетке шығу жасын төмендетуді сұрайды. Себебі жергілікті халықтың айтуынша кезіндегі полигонның салдарынан ерте қайтыс болып жатқан азаматтар көп. Ауданда психиатр, невропотолог, балалардың тіс дәрігері жоқ. Ал гинеколог біреу-ақ. Өзіңіз ойлаңызшы, полигонның салдарын кешкен аудан осындай дәрігер-мамандарға мұқтаж болып отыр. Сондай проблеманы көрдік. Осы мәселеге байланысты «Халық үні» жобасының қатысушылары Денсаулық сақтау министрлігіне тиісті хат жолдап, қолдан келсе аудан халқы зәру медицина мамандары жетіспеушілігін шешкелі отыр», - деген Айман Омарова Абай ауданындағы кейбір ауылдарда интернеттің мүлде жоқтығы да өзекті проблема екенін айтады.

Өзі құқық қорғаушы болғандықтан Айман Омарова аудандағы заң үстемдігіне баса мән беріпті. Сұрастырып білсе, Абай өңірінде зорлық-зомбылықтың 42 жағдайы тіркелген екен. Аудан жұртшылығы мұндай мәселелерді «Ақ орамал – ақ жаулық» жобасы арқылы шешуге бейімделген. Яғни мұндай қиын жағдайлар мен дау-шарға жергілікті ақсақалдар араласады. Десе де тұрмыстық зорлық-зомбылық көрген әйелдерге арналған дағдарыс орталығы өңірде тағы жоқ. Бірақ әлбетте аудандағы ақсақалдардың отбасылық жанжалдарды бұрынғы дәстүрмен шешуге тырысуын жобадағы топ мүшелері өте үлгілі іс деп отыр.

Заңгер ауданда бар-жоғы бір ғана адвокаттың барын да біліп келіпті. Сондай-ақ аудандағы Абай атындағы кітапхана да жөндеу жұмыстарын қажет ететіні анықталған. Одан бөлек ауданда ағылшын тілі пәнінің мұғалімінің де жоқтығы белгілі болған.

«Халық үні» жобасының мүшелері сонымен қатар Семейде болған кезде кондукторлардың қаншама айдан бері айлық ала алмай жүргенін анықтапты. Кондукторлар тіпті өздерінің зейнетақы аударымдары да осыған дейін аударылмағанын айтып, шағымданған көрінеді.

«Жалпы Шығысқа барған уақытта көп адам жер мәселесін көтеріп жатыр. Қазақтың негізінен екі проблемасы бар: жер мен мал. Шағымданушылардың айтуынша кезінде біреулер алып алған жерлер пайдаланылмай жатады. Ал малы артқан кейбір малшылар сол жерге қол жеткізе алмай әлек. Осы мәселелердің бәрін тізіп, хаттап ендігі кезекте Президент Әкімшілігі мен жауапты министрліктерге жібергелі отырмыз», - деп түйді Айман Омарова.

«Халық үні» жобасының қатысатын азаматтар мен мемлекеттік органдардың өкілдері алдағы уақытта тағы бірнеше ауданды аралап шығуды көздеп отыр. Өңірлердегі халықтың проблемасын көтеріп қана қоймай, Айман Омарова бастаған топ ол мәселелердің уақтылы шешілуін де назарда ұстамақ.


Соңғы жаңалықтар