Айлығы өсетін 600 мың адам қалай іріктеледі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 1 қыркүйектегі халыққа Жолдауында келесі жылдан бастап ең төменгі жалақы мөлшерін 60 мың теңгеге, 2022-2025 жылдар аралығында 600 мың азаматтық қызметкердің айлығын 20 пайызға көтеруді тапсырды. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Еңбек және әлеуметтік әріптестік департаментінің директоры Қымбат Әлиакпарқызы «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігіне берген сұхбатында осы тапсырманың қалай іске асатынын түсіндірді.

- Қымбат Әлиакпарқызы, Мемлекет басшысының тапсырмасына көшпей тұрып ең төменгі жалақы деген ұғымға анықтама бере кетсеңіз. Ең төменгі жалақы қандай санаттағы адамдарға төленіп жүр?

- Соңғы он жылда ең төменгі жалақы мөлшері 3,1 есе өсті. Егер 2009 жылы ол 13 717 теңге болса, 2019 жылы 42 500 теңгеге жеткен еді. Соңғы рет ең төменгі жалақы ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша арттырылды. Содан бері 42 500 теңге көлемінде болып келеді. Бұл шара экономиканың барлық салаларында және әртүрлі меншік нысанындағы кәсіпорындарда жұмыс істейтін 1,3 млн адамға, оның ішінде бюджет саласының 275 мың қызметкерін қамтыды. Ең төменгі жалақы – бұл қалыпты уақыт режимінде және қалыпты жағдайда істелген, ешқандай біліктілікті талап етпейтін, қарапайым жұмыс үшін төленетін қаражаттың кепілдендірілген минимум шегі. Қызметкерге ай сайын еңбекақының ең төменгі кепілдендірілген көлемі десе де болады.

- 2022 жылдан бастап ең төменгі жалақы өсетін болды. Бұл нақты кімдердің өміріне өзгеріс әкеледі және неше адамды қамтиды?

- 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап Президент Жолдауын іске асыру аясында ең төменгі жалақы мөлшерін 42 500 теңгеден 60 мың теңгеге дейін арттыру жоспарлануда. Бұл шара 1,6 млн жұмыскердің, оның ішінде 430 мың азаматтық қызметшінің айлығын өсіреді. Бүгінгі таңда біліктілігі жоқ қарапайым қызметкер – азаматтық қызметші ең төменгі жалақы ретінде 49 мың теңге алып жүр. Солардың айлығы келер жылдан бастап 60 мың теңге болады. Бұл ретте 2025 жылға қарай біліктілігі жоқ қарапайым қызметкердің, азаматтық қызметшінің ең төменгі жалақысы жыл сайын біртіндеп өсе отырып, 98 мың теңгеге жетеді.

Қарапайымдап айтсақ, бұған дейін 60 мың теңгеден төмен айлық алып келгендердің бәрінің еңбекақысы 2022 жылдан бастап көтеріледі. Олардың саны 1,6 млн қызметкер екенін айттық.

- Халықтың білгісі келетіні мынау сияқты. Егер ең төменгі жалақы көтерілсе, барлық азаматтардың (азаматтық қызметкерлерге жатпайтын) жалақысы бірге өсуі керек. Солай ма?

- Ең төменгі жалақы мөлшерінің ұлғаюы басқа қызметкерлердің жалақысын өсірмейді. Мысалы, егер қызметкердің жалақысы 200 мың теңге болса, бұл оның да жалақысын көтеру керек дегенді білдірмейді. Бұл шара ең алдымен жалақысы 60 мың теңгеден төмен адамдардың табысына әсер етеді. Жалақысы 60 мың теңгеден жоғары жұмысшылардың басқа санаттары үшін аталмыш шараның табысына әсері жоқ.

2020 жылы жүргізілген талдау бойынша, ауыл шаруашылығы, орман және балық шаруашылығы қызметкерлері 60 мың теңгеден төмен жалақы алып келген. Шамамен 47%-ы осындай айлық алады. Бұл 131 мың адам деген сөз. Қызмет көрсету, қонақүй және тамақтану саласындағылардың 44%-ы да осы санатта, шамамен 68 мың адам. Көтерме-бөлшек сауда саласында 413 мың адам, яғни 45%-ы 60 мың теңгеден аз алып жүр.

- Еңбек министрлігі ең төменгі жалақыны арттыру аясында қандай шаралар қабылдап жатыр?

- Біз қазір азаматтық қызметшілердің жалақысын көтеруге бюджеттік өтінімдер жинап жатырмыз. 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап 60 мың теңгеден аз алып келген қызметкерлердің айлығы осы өтінімдер негізінде көтеріледі.

Қызметкердің жалақысының нақты мөлшері оның біліктілік санатына, жұмысының ауырлығы мен көлеміне байланысты. 60 мың теңгенің үстіне істеп жүрген жұмысының көлемі, ауырлығы, еңбек өтілі, біліктілік санаты қосылады. Жалақы осының бәрінің негізінде көтеріледі.

- Енді азаматтық қызметшілердің жекелеген санаттарының жалақысын 2022-2025 жылдар аралығында 20%-ға арттыру шарасы туралы айтсақ. Бұл өзгеріс кімдерді қамтиды?

- Үкімет нақты экономикалық және қаржылық мүмкіндіктерге сүйене отырып, азаматтық қызметшілердің жалақысын арттыру бойынша жұмыс жүргізіп келеді. 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап педагогтердің жалақысын кезең-кезеңімен арттыру басталды. Мысалы, педагогтің жалақысы 2019 жылы 210 мың теңге болса, 2023 жылы ол шамамен 400 мың теңге алатын болады. Яғни, 4 жылдың ішінде екі есе өседі. 2021 жылдан бастап әлеуметтік сала қызметкерлері мен медицина қызметкерлерінің жалақысын 2023 жылға дейін кезең-кезеңмен арттыру басталды. Мысалы, медбикенің жалақысы бұрын 115 мың теңге болса, 2023 жылға қарай жалақы 215 мың теңгеге жетеді. Ал әлеуметтік қызметкер жалақыны көтергенге дейін 94 мың теңге алса, 2023 жылға қарай оның жалақысы 248 мың теңге болады. Осы шаралардың бәрі шамамен 600 мың азаматтық қызметшінің табысына әсер етеді.

Алайда, осы өзгерістерге ілінбей қалған санаттар бар. Президенттің биылғы Жолдауында сол санаттағы қызметкерлердің айлығын көтеру бастамасы айтылды. Осылайша Жолдау аясында 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап азаматтық қызметшілердің жекелеген санаттарының, мысалы, бухгалтер, бағдарламашы, техникалық маман, мұражай қызметкері, мұрағатшы, кітапханашы сияқты жалпы қызмет салаларының өкілдері үшін айлық өседі. Мәселен, кітапханашылардың жалақысы қазір 89 мың теңге болса, біртіндеп көтерудің арқасында 2025 жылға қарай 178 мың теңгеге жетеді.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Азаматтық қызметшілердің жалақысын арттыру, сондай-ақ олардың жалақысын реттеу жөніндегі жол картасын әзірледі. Қазіргі уақытта өңірлерден бюджеттік өтінімдер жиналып жатыр. Аталмыш санаттағы азамттардың айлығын көтеру бойынша есептер әзірленуде. Соның нәтижесінде келесі жылдан бастап жаңа аталған мамандардың айлығы кезең-кезеңмен көтеріледі.

- Нақты саны 600 мың адам ба?

- Қазақстанда 1,2 миллионға жуық азаматтық қызметші бар. Оның 600 мыңы бұған дейін айлығы өсірілген педагогтер мен дәрігерлердің, әлеуметтік қызметкерлердің санатына жатады. Қалған 600 мыңдайының айлығы ол кезде өзгеріссіз қалғанын айттық. Бұл Жолдауда солар туралы айтылған.

Жалпы азаматтық қызметшілерге еңбекақы төлеу туралы арнайы қаулы бар. Сол қаулыда жұмысшылардың санаттары басқарушы, негізгі персонал, әкімшілік персонал, жұмысшы мамандықтар деп, кестемен белгіленген. Бұрын біз басқарушы қызметкерлердің жалақысын көтерсек, бұл жолы техникалық және жұмысшы мамандық иелерінің айлығын өсіру жоспарлануда. Яғни, жүргізушілер, тазалықшылар, санитарлар, күтушілер деген сияқты. Бірыңғай жалақы болады дегенмен, бұл жерде де еңбек өтілі ескеріледі.

-Жыл аяғына дейін осынша адамның тізімін қалыптастырып, кететін қаражатты есептеп үлгересіздер ме?

- Есептеулер біткен соң деректердің бәрін Қаржы министрлігіне енгіземіз. Соның негізінде жоба дайындалады. Бюджеттік өтінімдерді дайындап, республикалық бюджет комиссиясының мақұлдауынан өтуіміз керек. Содан кейін барып өзгерістер енгізу туралы тиісті қаулы жобасы дайындалады. Ол Үкіметтің мақұлдауынан өтуі керек. Осы істің бәрін жыл соңына дейін бекіту жоспарланған.


Соңғы жаңалықтар