Айқасқа дайынмын – Батыр Жүкембаев Канададағы айқасы алдында мәлімдеме жасады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Осы аптада Канадада өзіне тиесілі WBA Continental Americas пен IBF Inter-Continental титулдарын қорғайтын Батыр Жүкембаев (17-0, 13КО) айқас алдындағы баспасөз мәслихатына қатысып, жанкүйерлерін жекпе-жекті тамашалауға шақырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Айқас алдындағы баспасөз мәслихатында Батыр Жүкембаевтың қарсыласы – мексикалық Рикарда Ларамен көз арбасты.

«Ресейдегі Bupas Gym залында өз бапкеріммен өте жақсы жаттығу алаңынан өттім. Montreal Casino-дағы басты жекпе-жекке шығатынымына қуаныштымын. Айқасқа дайынмын. Бәріне рахмет», - деп келтіреді Батыр Жүкембаевтың сөзін «Қазақстан кәсіпқой боксы» федерациясы.

Сонымен бірге боксшы өзінің Instagram-парақшасында жанкүйерлері бұл кешке қызығушылық танытып отырғанын айтып өтті.

«Жекпе-жек алдындағы пресс-конференция сәтті өтті! Алла қаласа ертең салмақ өлшеу рәсімі! Бұл жекпе-жегіме Канадалық бокс жанкүйерлері мен БАҚ өкілдері үлкен қызығушылық білдіруде. Ал қазақстандық бокс сүйер қауым, 26 қаңтарда 8:30-да #Хабар арнасының тікелей эфирінен кезекті айқасымды тамашалай аласыздар», - деп жазды Батыр Жүкембаев.

Канадада өтетін аталмыш кешке барлық билеттер сатылып кеткенін бұған дейін хабарлаған едік. Әуелде Б.Жүкембаевтың IBF Latino чемпионы аргентиналық Максимилиано Рикардо Веронға (12-3-1, 4 КО) қарсы айқасатыны жарияланған болатын. Алайда оның қарсыласы аяқ астынан ауысып, ол «Рики» лақап атты мексикалық Рикардо Ларамен (22-7, 10KO) кездесетін болды.

Кездесуді «Хабар» арнасы тікелей эфирден 26 қаңтар күні таңертең көрсетеді.

Естеріңізге сала кетейік, Батыр Жүкембаев былтыр 26 қыркүйек күні Монреальда мексикалық Мигель Васкеске қарсы (41-9, 15 КО) өткізген соңғы жұдырықтасуында төрешілердің бірауызды шешімімен жеңіске жеткен болатын. Халықаралық бокс ұйымының (IBO) рейтингінде ол өз салмағында 11-ші орында тұр.


Соңғы жаңалықтар