Әйелдер үшін 30% квота қоғамымыз үшін байыпты сын-тегеурін – Лаззат Рамазанова

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Квазимемлекеттік секторда әйелдер үшін 30 пайыздық квота белгілеу қоғамымыз үшін байыпты сын-тегеурін. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрайымы Лаззат Рамазанова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстан халқының 52 пайызын әйелдер құрайды. Егер жұмысқа қабілетті 16 мен 58 жас аралығын алатын болсақ, онда шамамен 4,5 млн әйел бар. Бұл әлеуетті жұмыс орны саналады. Бүгінде әйелдер ішкі жалпы өнімнің артуына тікелей үлестерін қоса алады. Мұны қосымша іске араласа алатын тың күш десек те артық емес. Өйткені, қазіргі уақытта пандемия әрбір елдің, оның ішінде Қазақстанның да күн тәртібіне түзету енгізіп отыр. Бүкіл еліміздің әл-ауқаты азаматтарымыздың белсенділігі байланысты екендігін бәріміз де білеміз. Ал бұл жалаң ұран емес, бүгінгі күннің шындығы», - деді ол Жемқорлыққа қарсы қызмет алаңындағы сұхбат барысында.

Комиссия төрайымы жемқорлық кез келген қоғамның дамуына тежеу болатын зұлымдық екендігін баса айтты. Сонымен қатар еліміздегі бизнестің 70 пайызы квазимемлекеттік секторда екендігін атап өтті.

«Егер республикалық бюджетті алып қарайтын болсақ, ол шамамен 6 трлн теңгені, ал «Самұрық-Қазына« бюджеті шамамен 9 трлн теңгені құрайды. Бұл, өте ауқымды қаржылық ресурс. Аталған қаражаттың қаншалықты тиімді әрі жемқорлық сызбасынсыз жүзеге асырылуы біздің әр қайсымыздың әл-ауқатымызға әсерін тигізеді. Сондықтан да квазимемлекеттік секторда әйелдер үшін 30 пайыздық квота белгілеу қоғамымыз үшін байыпты сын-тегеурін екендігі сөзсіз», - деді Лаззат Рамазанова.


Соңғы жаңалықтар