Әйелдер мен жастарға арналған 30 пайыздық квота қандай нәтиже береді – Халықаралық байқаушылар пікірі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ТМД Парламентаралық ассамблеясының халықаралық байқаушылары партиялық тізімдегі әйелдер мен жастарға арналған 30 пайыздық квотаның қандай нәтиже беретінін айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ТМД Парламентаралық ассамблеясының байқаушысы Олег Цепкиннің айтуынша, Қазақстан жастары сайлауға белсенді қатысып жатыр.

«Учаскелерде жастарды көрдік. Әсіресе 18 жасқа толған азаматтардың дауыс беруі айтарлықтай байқалады. Бүгін олардың алғашқы сайлауы және оларды ынталандыру үшін ұлттық шығармалар жинақталған кітаптар сыйланды. Бұл істің сапалы сайлауға қаншалықты әсер ететінін, әрине, нәтижелер бойынша қарау керек», - дейді Олег Цепкин Sputnik-Қазақстан мультимедиалық баспасөз орталығында өткен онлайн брифингте.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта сайлауға қатысатын және Парламент Мәжілісіне кірмейтін партияларда да жастар позициясына бағытталған бағдарламалары бар.

«Өйткені партиялардың бағдарламаларында IT тақырыбы, әлеуметтік мәселелерге қаржыны тиімді пайдалану жөнінде бағдарламалар бар. Жас ерекшелігін квоталауға байланысты заңнамадағы өзгерістер белгілі бір әсерін тигізуі мүмкін. Себебі Қазақстан тұрғындары тек Парламентті ғана емес, барлық деңгейдегі депутаттарды да сайлайды. Мұндай мүмкіндіктер жастардың мүддесі үшін де пайда болуда», - дейді халықаралық байқаушы.

ТМД Парламентаралық ассамблеясының байқаушысы, Өзбекстан Республикасы Олий Мажлисінің заң шығару палатасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл және сот-құқықтық мәселелер комитетінің мүшесі Адхам Шадманов өз еліндегі әйелдер мен жастар үшін енгізілген квотаны мысал ретінде келтірді.

«Кейбір экономистер болашақ Парламент жас әрі әйелдерге толы болады деп болжам жасауда. Квота бойынша қабылданған іргелі өзгерістер өз нәтижесін береді. 2019 жылы бізде де Парламент сайлауы болды және оған өзім де қатыстым. Бізде 8 жыл бұрын белгіленген квота нәтижесін бергенін де айтқым келеді. Қазіргі уақытта біздің Парламентте әйелдердің үлесі – 33%. Сонымен бірге, мен мұндай жас Парламентті ешқашан көрген емеспін – жасы елуден асқан депутаттардың үлесі 20% ғана», - дейді Адхам Шадманов.


Соңғы жаңалықтар