Айдос Үкібай Елбасының жұмыс кестесімен бөлісті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жұмыс кестесі пандемияға қарамастан өте қауырт. Бұл туралы Елбасының баспасөз хатшысы Айдос Үкібай айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның атап өтуінше, Нұрсұлтан Назарбаев отырыстар мен жиналыстарға қатысудан бөлек кездесулер, келіссөздер өткізіп, өз атына келіп түсетін корреспонденциялар мен қызметтік құжаттарды жіті зерделейді.

«Коронавирус инфекциясының пандемиясы жұмыс форматына белгілі бір түзетулер енгізгенімен жауапкершілік төмендеген емес. Тіпті, пандемиядан туындаған қазіргі біршама күрделі жағдайда Елбасы өзінің құзіреті аясында әлеуметтік-экономикалық дамудың және халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің стратегиялық мәселелеріне баса назар аударып отыр», - деді Елбасының баспасөз хатшысы.

Айдос Үкібайдың атап өтуінше, Нұрсұлтан Назарбаев әлемдік көшбасшылармен, шетелдік саясаткерлермен және инвесторлармен үнемі байланысып отырады. Олардың қатарында ТМД елдерінің басшылары, Түркі кеңесі мен ШЫҰ, Еуропалық одақ, ОПЕК мүшелері, ЕҚДБ, JP Morgan Chase International секілді ірі институттардың өкілдері бар.

«Телефон арқылы сөйлесу және жеке кездесулер барысында тараптар әлемдегі экономикалық және саяси ахуалға қатысты пікір алмасады. Елбасыдан күн тәртібіндегі жекелеген мәселелер бойынша кеңес сұрайды, белгілі бір проблеманы шешуге қатысты көзқарасына қызығушылық танытады. Мәселен, бүгін Нұрсұлтан Назарбаевқа АҚШ-тың бұрынғы вице-президенті қоңырау шалды. Елбасы мен Альберт Гор әлемдік державалар арасындағы сенім дағдарысы және санкциялық теке-тірестермен байланысты ахуалды талқылады», - деді ол.

Сонымен қатар Елбасының инновациялар мен алдыңғы қатарлы технологиялар нарығын үнемі зерделеп отыратындығын атап өтті.

«Оған цифрландыру және жасанды интеллекті қолдану салаларындағы жаңа шешімдер өте қызықты. Ол елімізде бейімделуі мүмкін түрлі кейстерді де зерделейді», - деді Айдос Үкібай.

Соңғы жаңалықтар