Айдос Сарым саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жайлы: ХХ ғасырмен қайта табысуымыз керек

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Белгілі саясаттанушы Айдос Сарым бүгін Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның бірінші отырысына қатысты. Сарапшыдан мемлекеттің тарихты түгендеу бағытындағы бастамасына қатысты пікірін білген едік.

«Бұл – ең алдымен біздің қоғам үшін ғылыми тұрғыдан да, басқа тұрғыдан да толыққанды есептелген, егжей-тегжейіне жеткен жады саясаты, тарихын қалыптастыру. Біз ХХ ғасырмен қайта табысуымыз керек. Өйткені «өлі разы болмай, тірі байымайды» деген принцип бар. Соғыстың соңғы солдаты жерленбей, белгісі қойылмай, құраны-дұғасы оқылмай соғыс та, аштық та аяқталмайды деген қағидат бар. Олай болса ХХ ғасырға кешенді көзқарасты қалыптастыруымыз керек», - дейді Айдос Сарым ҚазАқпарат тілшісіне телефон арқылы білдірген пікірінде.

Саясаттанушының айтуынша тоқсаныншы жылдардан бері бұған қатысты заң қабылданып, архивтер ашылғанымен ол кездерде де кемшіліктер болған.

«1992-1993 жылғы заңдарды қарайтын болсаңыз, негізгі күш тоталитарлық кезеңде сотталғандар, атылғандар мен Қазақстанға үдере көшілірген халықтарды ақтауға жұмсалған болатын. Ал Қазақстанда сол қиын кезеңде 372 көтеріліс болды десек, соның біразы ақталғанымен, біразы ақталған да жоқ. Ешқандай сотсыз атылып кеткендер, ашаршылық кезінде көшіп бара жатқандарды пулеметпен ату жағдайлары көп болды. Олардың аты да, орындары, белгілері де айқын болмады. Бұған да белгілі бір көзқарас пен нақты саясат қажет. Сол оқиғалардың кем дегенде орнын тауып, жұмыс жүргізу керек», - дейді Ұлттық кеңес мүшесі.

Айдос Сарым соғыс кезінде сотталғандар, ашаршылық кезінде басқа елдерге көшуге мәжбүр болғандарды ақтау керектігін айтып өтті.

«Осы жағдайларға кешенді көзқарасты қалыптастыру керек. Совет заманында тәуелсіздікті аңсаған неше түрлі астыртын ұйымдар болды, Ермұхан Бекмахановтың өзі саяси көзқарастары үшін қудаланды. Коммунистік идеологияға қарсысың деп жындыханаға да жатқызылғандар бар. Осы азаматтарды ақтап, қате саясатты қайта болдырмау үшін үлкен кешенді көзқарас қалыптасуы керек», - дейді ол.

Саясаттанушы саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысында Ұлттық жады институтын құру жөнінде ұсыныс айтылғанын атап өтті.

«Мысалы Польшада Ұлттық жады институты бар. Совет заманында тұтқынға түскен, елінен алыстаған поляктардың жатқан жеріне Үкіметі келіп арнайы белгі қояды. Бізге де осындай саясат керек. Ашаршылық, соғыс, репрессия болсын... Ашаршылықты қанша зерттеп келе жатқанымызбен одан қанша қазақтың қырылғанын әлі де білмейміз. Біреулер 7 миллион деген санды айтады. Соған тарихшылар үлкен конференция өткізу үшін ғылыми тұрғыдан дәлелденген, расталған консенсусты бағасын беруі керек», - дейді Айдос Сарым.

Еске сала кетсек, биыл 24 қарашада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия туралы» Жарлыққа қол қойған болатын. Осыған орай, бүгін Нұр-Сұлтан қаласында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның бірінші отырысы өтті.

Отырыс барысында ҚР Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның мақсаты – орнықты шешім қабылдап, тарихи әділеттілікті қалпына келтіру жолындағы жоғары кәсібилік пен әділдікке қалтқысыз қызмет ету екенін еске салды.


Соңғы жаңалықтар