Айдос Сарым партиялық жүйе туралы пікір білдірді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Белгілі саясаттанушы Айдос Сарым еліміздегі партиялық жүйе туралы пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Алдағы уақытта болатын ең үлкен жаңалық - аймақтағы мәслихаттардың партиялық жүйе бойынша сайланатыны. Рас, қоғамда екіұдай пікір бар. Қайтадан бір мандатты округке қайтайық деген пікір айтылуда. Менің ойымша, қазір көзімізді жұмып, партиялық жүйеге өтуіміз керек. Қазір мәселен, Грузияда бүкіл оппозиция бір ғана нәрсені - партиялық жүйеге өтуді сұрап отыр. Өйткені, жеке мандатты органда саяси орынды сатып алу мүмкіндіктері көп. Бір шенеунік 600 млн доллар жұмсап, халықтың несиесін жауып, дауыс жинап, өз партиясының билігін сақтап қалды. Өкінішке қарай, Грузиядағы, Украинадағы транзит бір нәрсені қамтамасыз ете алмады. Біз осыны ескеруіміз керек. Біз әлі советтік қалыптан шыққан жоқпыз », - деді Айдос Сарым Президенттің Қазақстан халқына Жолдауының алғашқы нәтижелері туралы ғылыми-практикалық конференцияда.

Сонымен бірге, спикер Парламент, мәслихат, қоғамдық ұйымдар, партиялар сынды мемлекетке тірек болатын институттарды қайта құрып шығу керектігін айтты.

«Біздің басты міндет - осы сайлаудан кейін қоғамның, саяси жүйенің, интернеттің дамығанын пайдалана отырып, қоғамдағы саяси, экономикалық шешімдерді қабылдайтын азаматтардың санын күрт өсіруіміз керек. Басқа жолымыз жоқ. Бізді өте қызық, бір жағынан дағдарысты, екінші жағынан мүмкіндік беретін кезең күтіп тұр деп есептеймін. Сондықтан, қоғам ретінде алдағы сайлауда идеяны таңдауымыз керек. Пікір қозғалыстарына, бағыттарға мүмкіндік беру керек», - деді Айдос Сарым.

Айта кетейік, елордада Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауының алғашқы нәтижелері талқыланып жатыр. Оған мемлекеттік органдардың, Қазақстанның ғылыми-сараптамалық қауымдастығының 80-нен астам өкілі қатысуда.

Соңғы жаңалықтар