Айбек Смадияров: Түркістан декларациясы бауырлас елдердің мәдени және рухани ынтымағын арттырады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ТЫМК-тың бейресми саммиті қазақ мәдениеті мен руханияты үшін табысты болды. СІМ Халықаралық ақпарат комитеті төрағасының орынбасар өкілі Айбек Смадияров осындай пікір айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Айбек Смадияров бұл Түркі кеңесінің алғашқы бейресми саммиті болғанына еске салды. Сондай-ақ, ол Қазақстанның Түркі инвестициялық-ынтымақтастық қорын құру бастамасы қазір қандай сатыда тұрғанын айтты.

«Бұл бастама Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың 2015 жылғы 11 қыркүйекте Астана қаласында өткен Түркі кеңесінің 5-ші Саммитінде көтерілген болатын. Түркі кеңесіне мүше мемлекеттер аталған бастаманы бірауыздан қолдады. Аталған бастаманы жүзеге асыру мақсатында жылдар бойы бірқатар кездесулер ұйымдастырылды. Қазіргі таңда тараптар қордың құрылтайшы құжаттарын әзірлеп жатыр», - дейді СІМ өкілі.

Бейресми саммиттегі басты оқиғаның бірі – Түркістан қаласының Түркі әлемінің рухани астанасы болып жариялануы десек, қателеспейміз. Айбек Смадияр Түркістан декларациясы бауырлас елдердің мәдени және рухани ынтымағын арттырады деген ой айтты.

«Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, барлық оқырмандарыңызды киелі Түркістан қаласын Түркі әлемінің рухани астанасы болып жариялануымен құттықтаймыз! Бейресми саммиттің қорытындысы бойынша кеше Түркістан декларациясы қабылданғаны мәлім. Аталған құжат мүше мемлекеттерге бағдар көрсетіп, атқарылатын шараларды белгілейді. Нақтырақ айтқанда, мемлекет басшылары Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы, Түркі кеңесінің Құрметті төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың 2019 жылы 15 қазанда Бакуде өткен Түркі кеңесінің 7-ші Саммиті аясында Түркі кеңесінің атауын өзгерту және «Түркі әлемінің келешегі-2040» құжатын дайындау бастамаларын қолдады және аталған бағытта қарқынды жұмыс жүргізілетін болады», - дейді ведомство өкілі.

СІМ өкілі саммит шешімі бойынша Әлихан Бөкейхандай біртуар тұлғаның 155 жылдығы Түркі ынтымақтастық ұйымдарымен бірлесе отырып тойланатынын еске салды.

«Түркі әлемінің әдебиеті, өнері, ғылымы мен мәдениетінің дамуына үлкен үлес қосқан Түркі әлемінің аса көрнекті ақындары, ойшылдары мен мемлекет қайраткерлерінің мерейтойларын атап өту үшін мүше мемлекеттердің тиісті органдарына Түркі ынтымақтастық ұйымдарымен бірлесе отырып келісілген іс-шаралар өткізуге тапсырма берілді. Аталған тізімде қазақтың біртуар ұлдары ақын Жамбыл Жабаевтың 175 жылдық және Әлихан Бөкейханның 155 жылдық мерейтойлары болғанына назар аударғымыз келеді.

Түркістан бейресми саммиті барысында мемлекет басшыларының көтерген бастамалары да Түркі кеңесінің күн тәртібінде болады. Бұл бағытта да тиісті жұмыстар мен консультациялар жүргізіледі», - деді Айбек Смадияров.


Соңғы жаңалықтар