Аязда далада қалған жүргізуші құтқарылды - Қостанай облысы

None
None
ҚОСТАНАЙ.ҚазАқпарат – Тобыл қаласының полицейлері көлігі сынып, аязда қалған такси жүргізушісіне көмектесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыстық полиция департаменті баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«15 қаңтарда түнгі сағат 2:00 шамасында тәртіп сақшылары «Қостанай-Әулиекөл« автожолында автопатрульде жүрген.

Олар Рыспай ауылының жанындағы трассада көлік тоқтатып тұрған ер адамды байқады. Ол полицейлерге такси жүргізушісі болып жұмыс істейтінін, Рыспай ауылына бара жатқанын айтты. Жолдан шығып кетіп, автокөлігі қар құрсауында қалып қойған», делінген ведомство хабарламасында.

Күннің суығына қарамастан таксиші жол бойына шығып, көлік тоқтатпақ болады. Ол жол үстінде бір сағатқа жуық тұрған, алайда ешқандай көлік өтпеген.

Осылайша, аязда қалған адамға рейдте жүрген полицейлер Мүслім Исабаев пен Амандық Сыздықов көмекке келді.

Полиция лейтенанттары бірден көлікті қар құрсауынан шығару бойынша шаралар қабылдады. Осы уақытта таксиші полицияның қызметтік автокөлігінде жылынып отырды.

Такси жүргізушісі патрульдік полицейлерге қиындықтан құтқарғаны үшін алғыс айтты.


Соңғы жаңалықтар