Аягөздіктер «Қазақстан барысы» атанған Дәурен Нұралиновқа шапан жауып, ат мінгізді

None
None
АЯГӨЗ. ҚазАқпарат - «Қазақстан барысы» Дәурен Нұралинов туып-өскен жері Аягөзге келді. Жерлестері балуанды зор қошеметпен қарсы алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аягөз өңірінің мақтанышы, «Қазақстан барысы» атанған жас балуан Дәурен Нұралиновты халық орталық алаңда күтіп алды.

Ақындар арнау айтып, аудан басшысы Сейілбек Ысқақов балуанның иығына шапан жауып, ат мінгізді.

«Аягөз - ежелден батырлар елі. Бабалардың батылдық пен қайсарлық рухын жалғаған Дәурен Нұралинов тек осы ел мен жердің ғана емес, күллі Қазақстанның мақтанышы», - деп атап өткен әкім спортшыға ақ батасын беріп, қошемет көрсетті.

«Аягөз деген - алтын бесігім, туған жерім. Аталарымыздың аруақтарына құран бағыштап, сіздердің баталарыңызды алайын деп арнайы келдім. Пейілдеріңізге көп рахмет!. Аягөзіміз әрқашан жайнай берсін, батырлар шыға берсін», - деп ризашылығын білдірді Дәурен Нұралинов.

Еске сала кетейік, Дәурен Нұралинов 4 шілде күні астанада өткен «Қазақстан барысы» турнирінде бас жүлдені жеңіп алған болатын.


Соңғы жаңалықтар