Ай сайын 12-13 үкіметтік емес ұйым құрылады – Аида Балаева

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Үкіметтік емес ұйымдарды тіркеу мерзімінің қысқаруы азаматтық қоғамның дамуына оң әсер етіп отыр. Қазақстанның Х Азаматтық форумының ашылуында сөз сөйлеген Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева осы ойын растайтын деректерді келтірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Азаматтық қоғамды қалыптастырудың дайын рецептін адам жоқ шығар. Бірақ, биліктің міндеті қашан да біреу – азаматтық қоғамның дамуы үшін барынша қолайлы орта құру. Үкіметтік емес ұйымды ашып, тіркеу мерзімі 7-10 күнге қысқартылғанын соның айқын белгісі деуге болатын шығар. Жыл сайын елдегі «үшінші сектордың» қатары орта есеппен 150 жаңа қатысушымен немесе айына 12-13 үкіметтік емес ұйыммен толығады», - деді министр.

Ведомство басшысының сөзіне қарағанда, елдегі азаматтық қоғамның дамуына ықпал ететін орта 2003 жылдан бастап қалыптасқан.

«Содан бері Азаматтық форум тұрақты түрде өткізіліп келеді және үкіметтік емес сектор мен жалпы әлеуметтік саланы дамытудың ең өзекті мәселелерін әр жолы тиімді шешіп келеді. Осы жылдар ішінде Азаматтық форум алаңдарында 500-ден астам ұсыныс әзірленіп, мемлекеттік органдар іске асыруға міндеттелді. Осының арқасында, бүкіл ТМД кеңістігінде үкіметтік емес сектор саласындағы ең ілгері заңнамалық және әдістемелік базалардың бірін жасақтай алдық», -деді министр.


Соңғы жаңалықтар