Автосалондар жаңа көліктерді қосымша қондырғымен сатып алуды міндеттеген

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматы қаласының прокуратурасы автосалондардың қосымша қызметтері мен жаңа көліктерге аксессуарларды сатып алуға мәжбүрлеудің заңдылығына талдау жүргізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қадағалау органы автосалондардың мұндай әрекеті заңға қайшы екенін анықтады. Автодилерлер көліктерді сатқанда бұл қызметтер мен керек-жарақтарды орнатуды тұтынушыларға жүктейді.

«ҚР Конституциясының 26-бабына сәйкес, монополиялық қызмет заңмен реттеледі және шектеледі. Жосықсыз бәсекелестікке тыйым салынады. «Тұтынушылардың құқығын қорғау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 8-1-бабына сәйкес, cатушы тұтынушымен жасалған шарттарға тұтынушының құқығын бұзатын және оларға қысым жасайтын талаптарды енгізбеуге тиіс.

Заңның 28-бабына сәйкес сатушы тұтынушыға тиісті сападағы тауарларды тұтынушыға ыңғайлы уақытта еркін таңдауды қамтамасыз етуге міндетті. Тұтынушыны қажетсіз мөлшерде және ассортиментте өнімді сатып алуға мәжбүрлеуге тыйым салынады», - деп түсіндірді прокуратурадан.

Шарт жасасу кезінде тұтынушының құқығын бұзатын жағдайдың бірі — сатушының ақылы тауарлар бойынша қосымша міндет жүктеуі.

«Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, 5 наурыз күні қадағалау органы Алматы қаласы Бәсекелестікті дамыту және қорғау департаментіне заңдылықты бұзушылықты жоюды ұсынды. Қазіргі уақытта уәкілетті орган жаңа автокөліктерді сату бойынша дилерлік орталықтардың тауар нарығындағы бәсекелестік ортаның жай-күйіне талдау жасауды аяқтады», - деп атап өтті ведомстводан.


Соңғы жаңалықтар