Автокөлік жолдарының сапасына кері әсер ететін факторлар қандай

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Жыл сайын республикалық бюджеттен автожолдарды күтіп ұстауға және жөндеуге қомақты қаражат бөлініп келсе де, еліміздің өңірлерінде автомобиль жолдарының жағдайы мен олардың сапасы жиі сынға ұшырайтыны белгілі. Осы мәселе жақында Сенаттың жалпы отырысында да көтерілген болатын.

Депутат Рысқали Әбдікеровтің айтуынша, жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексінің нұсқасы бойынша үздік және нашар жолдары бар елдер рейтингісінде 2019 жылы Қазақстан 100-ден 43,2 балл жинап, 141 елдің ішінде 93-орынға ие болды.

«Бұл саланың жүйелі проблемаларының бірі – жүк автокөліктердің белгіленген біліктік (осьтік) жүктемелерінің асып кетуіне байланысты салынған және жөнделген жолдардың мерзімінен бұрын бұзылуы болып отыр. Ресми статистиканың деректеріне сәйкес, техникалық санаттар бөлінісінде ел жолдарының 9,3 проценті ғана білікке (оське) 10 тоннадан астам жүктемені қабылдай алады. Нақтылап айтқанда, жалпы пайдаланымдағы жолдардың 90,7 проценті қолданыстағы жүк автокөліктердің ең аз жүктемелерін де қабылдай алмайды және тәуекел аймағында тұр», - деп түсіндірді сенатор Үкімет басшысының атына жолдаған депутаттық сауалында.

Сонымен қатар, заңнама талаптарына сәйкес жалпы пайдаланымдағы автокөлік жолдары бойынша самосвалмен 25 тоннадан астам жүк тасымалдауға тыйым салынғанымен, осы жолдарда салмағы 30-40 тонна болатын жүкті көтеретін көліктердің қозғалысы тоқтамай тұр.

Аталып отырған проблеманы толықтай шешу Көліктік бақылау инспекциясының қолынан әзірше келмей отыр. Ресми статистикаға сүйенсек, 2019 жылы инспекцияның қызметкерлерінің 1/3 ірі габаритті автокөліктердің кедергісіз жүргені үшін тәртіптік жауапкершілікке тартылған.

«Сол себепті бұл қызметтің ұйымдастырылуы мен сапасы Үкімет тарапынан қатан қадағалауды талап етеді деп есептейміз. Сонымен қатар инспекцияның қызметкерлерінің жалпы штаттық саны да жеткіліксіз болғаны бізді алаңдатады. Еліміздегі ұзындығы 95 мың 600 шақырым болатын (оның ішінде республикалық автожолдар – 24 мың 700 км (26%), жергілікті автожолдар – 70 мың 900 км (74%) автокөлік жолдары инспекцияның 278 маманды құрайтын көліктік бақылау бекеттерімен қадағаланады (оның ішінде 50 жылжымалы және 3 стационарлық). Сонда бір көліктік бақылау бекеті шамамен 2 мың шақырым автокөлік жолын бақылауды қамтамасыз етуге міндетті», - делінген депутаттық сауалда.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің берген мәліметтеріне сәйкес, ауыр салмақты және ірі көлемді автокөліктер облыстық және аудандық автокөлік жолдарына 2018-2020 жылдары келтірген зияны 11 млрд-қа жуық теңгені құраса, тек 1 млрд-тан астам теңге ғана айыппұл салынған.

Өз кезегінде, Қазақстанның автожолдарында жүретін ауыр салмақты автокөліктердің 10 проценті ғана бақылау бекеттерінде тексеріледі. Бұл автокөлік жолдарының жылдам бұзылуына өз әсерін тигізуде.

Сонымен қатар, жылдан-жылға жүк автокөліктерінің саны мен жүк тасымалдау көлемінің ұлғайып жатқанын ескеру қажет. «Нұрлы жол» бағдарламасының аясында жыл сайын жаңа жолдар салынуда. Өткен аптада Сенат мақұлдаған 2021-2023 жылдарға арналған республикалық бюджеттің есебінен автокөлік жолдары саласына алдағы үш жылда 518 млрд-тан астам қаржы қарастырылды.

Жаңадан салынған және сапалы жөндеуден өткен жолдарымыз көп жылдар бойы ел ризашылығына пайдаланған жөн.

Сенаторлардың пайымынша, көліктік бақылау бекеттердің және Көліктік бақылау инспекциясының жалпы штат саның арттыру қажеттігі бар.

Мұнымен қоса, салмағы 25 тоннадан асатын ірі жүкті таситын самосвалдарды заңнамалық деңгейде технологиялық көлік санатына жатқызуды және жүк тасымалдау фактілерін (техпаспорт негізінде, өлшеусіз) тексеру құқығын полицияға да берілуін қарастыруды; жер қойнауын пайдалану туралы келісім-шарттарында жер қойнауын пайдаланушыларға автокөліктердің артық тиелуіне тыйым салатын талаптарды қарастыруды және оларға жауапкершілікті қатаңдатуды; бюджеттің барлық деңгейлерінен қаржыландырылатын жобалар бойынша мемлекеттік сатып алу жөніндегі нормативтер мен конкурстық талаптарға жүк автокөліктерін пайдалануы бойынша тиісті өзгерістер енгізуді қарастыру сұралды.

«Облыстық және аудандық маңызы бар автокөлік жолдарын салу және қайта жаңарту, күрделі және орташа жөндеу кезінде заманауи инновациялық технологияларды қолдануды талап етуді, көліктік бақылау инспекторының талаптарын орындамағаны үшін жауапкершілікті қатаңдатуды және осы жоғарыда көтерілген мәселелерді шешу бойынша басқа да шараларды Үкімет тарапынан қарастыруды сұраймыз», - деді Рысқали Әбдікеров.

Жол апаты салдары

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Автомобиль жолдары комитетіне қарасты «Жол активтері ұлттық сапа орталығы» РМК бас директоры Замир Сағынов айтуынша, 2019 жылдың қорытындысы бойынша елімізде жол-көлік оқиғаларында 100 мың тұрғынға шаққанда қайтыс болу көрсеткіші 10,4 өлімді құрады. Яғни, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының есебінде жарияланған 2016 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 7,2-ге қысқарған. Дей тұрғанмен, бұл көрсеткіш әлі де болса жоғары. Сондықтан жол қауіпсіздігі жағдайын жақсарту бағытында жұмыстарды жалғастыра беру керек.

З. Сағынов сапасыз белгілер мен таңбалар жол апатына себеп болуда. Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы биыл қазан айында белгілер мен таңбалардың сапасын бағалауға арналған жалпы республикалық акция өткізді. Тексерілген 5 мыңға жуық белгінің 46 пайызы нормаға сәйкес емес болып шыққан.

«1620 шақырым жол белгілерінің 251 шақырымы стандартқа сай емес. Қала көшелері бойынша белгілердің 50 және таңбалардың 40 пайызы стандартқа сай болмай отыр. Бұл мәселені шұғыл назарға алу керек», - дейді бас директор.

Жолдардағы тағы бір көкейтесті мәселе - ол малды басып кету дерегі бойынша орын алатын жол-көлік оқиғалары. Бұндай жағдайлар көбіне иелерінің қараусыз қалдырылған үй жануарларына қатысты болып отыр.

«Соңғы 5 жылда малды басып кеткен 643 оқиға тіркелген. Мұндай жағдайларда, жүргізушілер материалдық шығын шегіп қана қоймай, ауыр жарақаттанып, тіпті қаза болып жатады», - З. Сағынов.

Орталық бас директорының мәліметінше, тек өткен жылдың өзінде республикалық трассаларда осындай 104 жол-көлік оқиғасы орын алып, 140 адам жарақаттанса, 36 адам қайтыс болған.

«Үй жануарларын жолдар бойында еркін жаюды болдырмау үшін меніңше, мал иелерінің жауапкершілігін қатайту қажет. Сондай-ақ үй жануарлары иелерін жауапкершілікке тарту мәселесін заңдық негізде нақты тетіктермен бекіту керек деп санаймын», - деді Замир Сағынов.

Жол сапасын қадағалау жақсарды

Жол саласының ардагері Дамир Әлімовтың атап өтуінше, елімізде автомобиль жолдарына бөлінетін қаржыландыру көлемін арттыру керек.

«Қазіргі кезде жұмыс сапасына қатысты талаптар айтарлықтай жоғарылады. Осы орайда соңғы 10-15 жылда салынған автомобиль жолдарының сапасы да жақсарды. 2019 жылы Үкімет қаулысымен «Жол активтері ұлттық сапа орталығы» РМК құрылды. Өткен кезеңдегі жұмыс тәжірибесі аталған мекеменің қажеттігін көрсетті. Оның жұмысы тек автомобиль жолдарымен ғана шектелмейді, яғни елді мекендердегі көшелер де қамтылады. Орталық қызметі басталғалы жергілікті маңыздағы жолдарды және елді мекендердегі көшелерді салу кезіндегі кемшіліктерді анықтауға мүмкіндік берді», - деді Д. Әлімов.

Бұл тұрғыда мердігер ұйымда атқару құжатнамасының болмауы, жол салу кезіне технологиялық талаптарды ескермеу және басқа да жағдайлар анықталып келеді.

«Сапа орталығы жұмысының арқасында құрылыс әрі жөндеу барысында анықталған кез келген ереже бұзу жағдайы ашық жарияланып келеді. Қоғамдық бақылау шараларына орай, бұл кемшіліктер дер кезінде жойылады», - деді сарапшы.


Соңғы жаңалықтар