Ауыз сумен қамтылмаған 90 ауылға су құбыры жеткізіледі - Мағзұм Мырзағалиев

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Ауыз сумен қамтамасыз етілмеген 90 ауылдық елді мекенге су құбыры жеткізіледі. Бұл туралы ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Енді пайдаланып отырған топтық су құбырларының жағдайына тоқталсақ. Жоспар бойынша, 2025 жылға дейін 11 топтық су құбырлары қайта жаңартылып, жөнделеді. Оның ішінде бірқатар су құбырлары ұзартылады. Осының арқасында бұған дейін сапалы суы болмаған 87 ауылдық елді мекен таза ауыз сумен қамтамасыз етіледі. 104 мыңға жуық адамды қамтиды. Сонымен қоса, 321 ауылдық елді мекеннің ауыз су беру жүйесі жаңартылатын болады. Бұл өз кезегінде 525 мың адамды қамтиды», - деді ол.

Жалпы министрдің айтуынша, «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында 2025 жылға дейін топтық су құбырлары жобаларына 133 млрд теңгеден астам қаражат бөлу жоспарда бар. Оның ішінде жаңадан салуға 14,5 млрд теңге, ал қайта жаңартуға 118,5 млрд теңге бөлінбек. Осының есебінен алдағы бес жылда жаңадан 1,5 мыңға жуық шақырым құбыр желілері салынады және 1720 шақырымы қайта жаңартылып, қажетті жөндеу жұмыстары жүргізіледі.

«Атқарылатын жұмыстардың арқасында бұрын ауыз сумен қамтамасыз етілмеген 90 ауылдық елді мекенге су құбыры тартылып, 105 мың тұрғын сапалы ауыз суға қолжетімді болады. Сонымен қатар, 321 елді мекеннің ауыз су беру жүйесі жөнделіп, жаңартылады. Бұл 520 мыңнан астам адамды қамтиды. Жалпы, 5 жыл ішінде 3 мыңнан астам шақырым топтық су құбарлары салынады. Ауыз сумен қамтамасыз ету көрсеткішін жүз пайызға жеткізу жоспарланған. Елді мекендерді ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі министрліктің үнемі бақылауында», - деді Мағзұм Мырзағалиев.


Соңғы жаңалықтар