Ауыт Мұқибек: Шетелдегі қандас жастардың арманы - Қазақстанда оқу

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қоғам қайраткері, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Ауыт Мұқибек әріптесі Асылбек Қожахметовтің шетелдегі қандастарға көптеп грант бөлу ұсынысына қолдау білдірді. Спикер Қазақтанға қандастар көшінің екінші толқыны басталуға жақын екенін айтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің бүгінгі үшінші отырысын қоғам өміріне тың бұрылыс әкелетін тарихи оқиға деп айтуға болады. Пандемия бүкіл жер шарындағы мемлекеттердің бәрін басқаша стандарттармен өмір сүруге мәжбүр етті. Соның ішінде Қазақстан да бар. Осы пандемия барысында Президент денсаулық сақтау, білім, ғылым, ауыл шаруашылығы саласындағы кемшіліктердің бәрін айтып өтті. Сондықтан біз өзімізді-өзіміз асырау деген қағидатты бірінші орынға қоюға тиіспіз. Ол үшін ғылым мен білім, денсаулық сақтау саласын кемелдендіру керек. Осыған байланысты Ұлттық кеңестің мүшелері бүгін өз тарапынан өте құнды ұсыныстарды ортаға салды», - деді өз пікірін білдірген Ауыт Мұқибек.

Ұлттық кеңес мүшесі бүгінгі отырыста Рауан Кенжеханұлының Қазақстанға ұлттық мектептің үлгісін енгізу, Асылбек Қожахметовтің шетелден келген қандастарға білім саласындағы гранттарды арттыру ұсыныстарын ерекше атап өтті. Спикердің айтуынша, қандас жастарға бөлінетін гранттар саны бұрын 2 пайыз мөлшерінде болса, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен Үкіметтің бүрынғы қаулысы өзгертіліп, бұл үлес 4 пайызға артқан. Яғни Қазақстанда бөлінетін мемлекеттік гранттардың 4 пайызы шетелден келген ұлты қазақ студенттерге беріледі.

«Бірақ, бұл квота да аздық етеді. Себебі, Қазақ көшінің екінші үлкен толқыны басталайтын деп тұр. Қазақстанда оларды құжаттандыратын заңдық негіз дайын деп айтуға болады. Әйтсе де толықтырар тұстар да баршылық. Мәселен қандастарды баспанамен, жермен қамту жағы секілді мәселелерді нақтылай түсу керек», - дейді ол.

Ауыт Мұқибек қазіргі мамандардың есебіне қарағанда шетелде 7-8 млн қазақ барын айтып өтті.

«Оның кемінде 3-4 миллионы балалар мен жастар. Қазақстанға келгісі келетіндер де сол жастар. Пандемия, оның сыртында шетелдегі саяси оқиғалар – осы қазақтарға Қазақстаннан басқа Отанының жоқ екенін, Қазақстаннан басқа жерде қазақ болып өмір сүру мүмкін емес екенін әбден түсіндірді. Мүмкіндік болса, олардың шетелде бір күн де тұрғысы жоқ. Қазақстанға қайтсек те жетсек дегенді мақсат тұтып отыр. Шетелдегі қандас жастардың арманы - Қазақстанда оқу. Бұрын олар өз аяғымен көшіп келсе, енді оларды мемлекетаралық келісімдер жасап, көшіріп әкелуіміз керек. Себебі, Қазақстандағы демографиялық тоқырау соған мәжбүрлеп отыр. Ол күн де алыс емес. Ертең бе, бүрсігүні ме – ол көштің үлкен толқыны басталады. Соған дайын болуымыз, ең алдымен, келген жастарды оқытып, білім беруіміз керек. Сондықтан менің ойымша, 4 пайыз грант аздық етеді. Мен оны кемінде 10 пайызға көбейтуді ұсынар едім. Олар Қазақстанға қазір қажетті ауыл шаруашылығы саласына керек мамандықтарды үйренуі тиіс», - деді Ауыт Мұқибек.

Еске сала кетсек, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің үшінші отырысында Асылбек Қожахметов шетелдегі қандастарға көптеп грант бөлуді ұсынған болатын.


Соңғы жаңалықтар