Ауыр науқастанған ақмолалықтарды дәрігерге құтқарушылар жеткізуде

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысының құтқарушылары қар құрсауында қалған ауыр науқастарды эвакуациялауды жалғастыруда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі өңірлік Төтенше жағдайлар департаментіне сілтеме жасап.

Ведомствоның мәліметі бойынша, биылғы қаңтарда түскен қардың мөлшері рекордтық деңгейге жетті. Осының салдарынан өңірдегі ондаған елді мекеннің жолдарын қар басып қалды.

Жергілікті атқарушы органдар, құтқарушылар, тәртіп сақшылары, жол қызметінің өкілдері және еріктілер соңғы бес тәулік бойы жолдарды қардан тазартып, трассада қалған адамдар мен техникаларды құтқаруда.


Әсіресе, шұғыл дәрігерлік көмек қажет науқастар ауруханаға құтқарушылардың көмегімен жеткізілуде. Мәселен, Атбасар ауданында бір тәуліктің ішінде ауыр сырқатқа шалдыққан төрт адам эвакуацияланды.

«28 қаңтарда Сепе және Ново-Мариновка ауылдарында тұрғындарға медициналық көмек қажеттігі туралы ақпарат түсті. Ауылдан шығар жолдарды қар басып қалғандықтан науқастарды Атбасар қаласындағы ауруханаға жеткізу бойынша апаттық-құтқару жұмыстары қолға алынды. Шақыру бойынша құтқарушылар «Трикол» жол талғамайтын автокөлігімен барып, «дисциркуляторлық энцефалопатия», «жүрек талмасы», «өкпе қабынуы», «аппендицит» диагнозымен науқастарды қар құрсауындағы ауылдан алып шықты. Оларды «Атбасар-Сочинск» жолында жедел-жәрдем қызметінің бригадасы күтіп алды», - деді Атбасар аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Ерболат Әшкенов.

Осы ретте, Сепе ауылының тұрғыны Анна Скиба шұғыл медициналық көмек қажет болған жұбайына қол ұшын созған құтқарушыларға шексіз алғысын білдірді.

Еске сала кетейік, осыған дейін хабарлағанымыздай, Ақмола облысында 845 адам мен 556 көлік қар құрсауынан шығарылды.


Соңғы жаңалықтар