Ауылдың медициналық объектілермен қамтамасыз етілуіне бағалау жүргізіледі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Ауылдық елді мекендердің медициналық объектілермен қамтамасыз етілуіне бағалау жүргізіледі. Бұл жайында Сенат депуаттарының ресми сауалына орай ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің берген жауабында айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Денсаулық сақтау ұйымдарын медицина кадрларымен қамтамасыз ету Денсаулық сақтау министрінің 2010 жылғы 7 сәуірдегі № 238 бұйрығымен бекітілген өңірлерді медицина қызметкерлерімен қамтамасыз ету нормативтеріне сәйкес жүзеге асырылады. Жыл сайын медицина кадрларын даярлауға мемлекеттік білім беру тапсырысы бөлінеді. Бұдан басқа, 2012 жылдан бастап медициналық мамандықтар бойынша мемлекеттік білім беру тапсырысы есебінен білім алған бітірушілердің үш жыл бойы міндетті жұмыспен өтеу нормасы енгізілді. 2020 жылғы 1 қаңтарға клиникалық мамандықтар кадрларда қажеттілік – 4 644 бірлікті құрады, оның ішінде ауылда – 912 бірлік», - деді Үкімет басшысы.

Оның атап өтуінше, ауылдық елді мекендерге жұмыс істеу және тұру үшін келген жас мамандарға жергілікті атқарушы органдар әлеуметтік қолдау көрсетеді. Бұл клиникалық бейіндегі кадрлар тапшылығын 20 пайызға төмендетуге мүмкіндік берді.

«Кадрлардың біліктілігі тұрақты негізде артып келеді. Биыл 2 982 ауылдық денсаулық сақтау мамандары даярланды. Сондай-ақ Үкіметтің 2020 жылғы 30 шілдедегі № 489 қаулысымен бекітілген пандемия жағдайында қазақстандықтардың өмірі мен денсаулығын қорғау жөніндегі ұлттық жоспарға сәйкес халыққа медициналық көмек көрсету тиімділігін арттыру, денсаулық сақтау жүйесі, инфрақұрылымды нығайту, материалдық-техникалық жарақтандыру, цифрландыру және тағы басқа бөлігінде коронавирустық инфекциямен күрес жөніндегі шаралар кешені іске асырылуда», - деді Асқар Мамин.

Сонымен қатар ол «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Мемлекет басшысының 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында айтылған медициналық-санитарлық алғашқы көмек тәсілдерін жоғары ұтқырлық және халықтың қалың көпшілігіне, оның ішінде ауылдық жерде тұратындарға қолжетімді болуы жағына қарай түбегейлі қайта қарау жөніндегі тапсырманы орындау үшін ауылдық елді мекендердің медициналық объектілермен қамтамасыз етілуіне бағалау жүргізіледі. Жұмыс нәтижесі бойынша ауыл тұрғындарына медициналық-санитарлық көмек көрсетуді жақсарту бойынша тиісті шаралар қабылданатын болады. Ауыл халқын қолжетімді медициналық көмекпен қамтамасыз ету және ауылдық денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамыту мәселелері Үкіметтің ерекше бақылауында», - деп толықтырды Премьер-Министр.


Соңғы жаңалықтар