Ауылдық округтердің кірісі арта түседі - Қайсар Нығметов

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылы 1 қыркүйекте Қазақстан халқына Жолдауында ауыл әкімдерін тікелей сайлау бастамасын жариялады. Қазіргі уақытта Президенттің бұл бастамасын жүзеге асырылды. Осы орайда «Экономикалық зерттеулер институты» өңірлік зерттеулер орталығының директоры Қайсар Нығметов «ҚазАқпарат» агенттігіне сайлау қорытындысы мен оның елдің ары қарай дамуына әсері туралы айтып берді.

- Жақында Қазақстанда ауылдардың, аудандық маңызы бар қалалар мен ауылдық округтердің басшыларының тікелей сайлауы өтті. Бұл сайлаудың даму тұрғысында бұрынғы жағдайдан айырмашылығы неде?

- Аумақтық сайлау комиссияларының ақпараты бойынша сайланған 730 әкімнің 350-і осыған дейін аталған ауылдық округтерде әкім лауазымын атқармаған. Осы арқылы, сайлау қоғамның өзекті сұранысының біріне жауап берді, яғни жаңа адамдардың келуі, ауыл әкімдері корпусын жаңарту тұрғысында.

Сонымен бірге, бірқатар өңірде ауыл әкімдері корпусы елеулі түрде жаңарды. Мысалы, Қарағанды облысында 77 пайызға, Түркістан облысында 72 пайызға, Жамбыл облысында 66 пайызға өзгеріс бар. Маңғыстау облысында сайланған 10 әкімнің 8-і бұған дейін ауылдық округ басшысы лауазымында болмаған.

Сайланған әкімдердің орташа жасы 46-да екен. Осыған дейін бұл көрсеткіш 50 жасты құраған болатын. Қызметіне жаңадан келген 25 әкім 29-ға толмаған. Әкімдердің арасында 37 мектеп қызметкері бар.

- Сіздің ойыңызша ауыл әкімдерін тікелей сайлау қоғамға не береді?

- Жалпы, жергілікті өзін-өзі басқарудың кешенді реформасының бір бөлігі ретінде ауыл әкімдерін сайлау жергілікті маңыздағы мәселелер бойынша шешім қабылдау мен оларды орындауда бақылауды іске асыру процесіне ауыл тұрғындарының қызығушылығын қамтамасыз етеді, сондай-ақ өңірлік дамудың фундаменті болады.

Бұл реформаның мақсаты – халыққа жергілікті билік қызметінің ашықтығы мен есептілігін қамтамасыз ететін тиісті жүйені құру.

Осы тұрғыда елді мекен тұрғындары әкімдерді тікелей сайлау мүмкіндігіне ие болып отыр. Өз кезегінде сайланған әкім атқарылған жұмыс үшін халық алдында есеп береді және экономикалық дербестікті кеңейту мүмкіндігіне қарай аудандық деңгейден еріктілігі артады. Осы орайда әкімдерді тікелей сайлау азаматтық қоғамды дамытуда, жергілікті деңгейде демократияны ілгерілетуге тың серпін беруі тиіс. Адамдар өздерінің өзекті мәселелерін шешуге тікелей жұмылдырылады.

Дамыған жергілікті өзін-өзі басқару азаматтар өмір сүру деңгейін арттыруға ықпал ететін шешімді өздері таңдайды дегенді білдіреді.

Сонымен қатар, бюджет әрі жергілікті өзін-өзі басқару қаражаты есебінен жүргізілген жұмыстарға, қаржыны игерудегі тиімділікке мониторинг жіргізіліп, ауылдық округ әкімшілігі қызметі туралы әкім есебі тыңдалады.

Бұдан бөлек, ревизиялық комиссиялар жоспарлы әрі жоспардан тыс тексерулерді өтінім негізінде жүргізеді.

- Жалпы, бұл салада халықаралық тәжірибе тұрғысынан жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытуда қандай ерекшеліктер бар?

- 2018 жылы жергілікті өзін-өзі басқару тиімділігін арттыру есебінен өңірлердің институционалды ортасын жақсару жөніндегі аналитикалық зерттеу жүргіздік. Бұл өз кезегінде Қазақстанда 2025 жылға дейінгі жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту концепциясы жобасын даярлау үшін негіз болды.

Осы зерттеу аясында шетел тәжірибесіне талдау жасалып, жергілікті өзін-өзі басқару мәселелері бойынша заңнаманы жетілдіруге қатысты ұсынымдар әзірледік.

Барша әлемде жергілікті өзін-өзі басқару ең ұтымды тетіктердің бірі болып отыр. Осы орайда қалалық және ауылдық елді мекендер тұрғындарының жергілікті маңыздағы істерді басқаруға әрі өзекті мәселелерді тікелей шешуге қызығушылығы артады.

Бұл тұрғыда Қазақстан үшін Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше елдер тәжірибесі маңызды әрі қызықты болып тұр. Олар жергілікті басқару мен өңірлік дамудан айқын жетістікке жетті.

Польша тәжірибесі де оңтайлы әсер беріп отыр. Олар жергілікті өзін-өзі басқаруды қалпына келтіруге бағытталған терең реформаларды іске асыруда елеулі табысқа жетті.

Орталықсыздандыру қоғамдық өмірдің түрлі салаларында негізгі оңтайлы нәтижеге жетуге алып келді. Сонымен қатар, орталықсыздандыру мен жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту үшін жағдай жасауда Францияда және өзге де еуропалық елдерде мол тәжірибе бар.

- Соңғы жылдары жергілікті өзін-өзі басқару органдарының дербестігін арттыру бойынша бірқатар шара қабылданды. Осы реформалардан қандай экономикалық әсер болады деп ойлайсыз?

- Бірінші кезекте экономикалық әсер оларға бірқатар салық пен төлемдер түсімін беру есебінен ауылдық округтер деңгейінде экономикалық базаны қамтамасыз етуге байланысты болады. Әр жылдары жергілікті жерлерде биліктің дербестігін арттыру бойынша тиісті қадамдар жасалды, оның ішінде қаржылық тетіктер де ескерілді.

Мәселен, аудандық/ауылдық деңгейде жалға беру, жарнама және басқа көздерден кіріс қалыптасты, жақында бюджеттің төртінші деңгейі енгізілді. Нәтижесінде, қазіргі кезде жергілікті өзін-өзі басқару кірісі салық түсімдері, түрлі төлемдер, айыппұлдар, коммуналдық мүліктен табыстар және жоғары тұрған бюджеттен трансферттерден қалыптасады. Олар тікелей ауыл бюджетіне түседі.

Жергілікті өзін-өзі басқарудың кіріс базасын ары қарай кеңейту үшін 2022-ден 2024 жыл аралығында 7 салық пен төлемді беру жоспарланып отыр. Бұл ретте бірыңғай жер салығы, жер телімін пайдаланғаны үшін төлем, жер учаскесін сатудан болған түсімдер, су ресурстарын пайдаланғаны үшін төлемдер, қызметтің жеке түрлерімен айналысу құқығы үшін лицензиялық алым ескерілген.

Жергілікті өзін-өзі басқару органдарының жауапкершілік саласы барша аумақтың дамуы мәселелерін қамтиды. Яғни қоғамдық кеңістіктерді, жергілікті көліктік әрі әлеуметтік және басқа да инфрақұрылымды абаттандыруды, базалық қызметтерді көрсетуді ескереді.

- Қазіргі кезде ауылдық бюджеттерде өзіндік кірістерінің үлесі қандай?

- 2020 жылдың қорытындысы бойынша жергілікті өзін-өзі басқару бюджетінің кірістері 252 млрд теңгені құрады, оның ішінде 34 млрд теңгесі немесе 13,4 пайызы жеке табысы және 218 млрд теңгесі жоғары тұрған бюджеттен трансферт.

Ауылдық округтер салық базасын арттыру есебінен ауылдық округтердің өз-өзіне жеткіліктігі, яғни табыстың жалпы көлемінен жеке кірісінің үлесі орташа есеппен 2025 жылы 35 пайызға жетеді деп жоспарланған.

Мысалы, 2019 жылы шағын және орта бизнестің (ШОБ) корпоративті табыс салығынан түсімдерді республикалық бюджеттен жергілікті бюджеттерге беру туралы шешім қабылданды. 2020 жылдың қорытындысы бойынша COVID-19 пандемиясы салдарынан өңірлерде экономикалық белсенділік төмендегеніне қарамастан, былтыр жергілікті бюджеттерге аталған корпоративті табыс салығы 482 млрд теңге шамасында жиналды. Жоспарда 386 млрд теңге ескерілген еді немесе 25 пайыз шамасында өсім болды.

Аудандар мен ауылдық округтерді ынталандырудан ажыратпас үшін 2025 жылға дейінгі жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту тұжырымдамасы жобасында облыс, аудан және ауыл арасында ШОБ-тан корпоративті табыс салығын бөлу шамасын регламенттеу қарастырылған.

Шамамен корпоративті табыс салығы түсімдерінің 50 пайызы облыстық бюджетке, 30 пайызы – аудандық, 20 пайызы ауылдық округтер бюджетіне түседі.

Осы арқылы, шағын және орта бизнестен корпоративті табыс салығын жергілікті бюджетке беру тәжірибесі түсімдердің оңтайлы қарқынын көрсетті. Бұл өз кезегінде жергілікті бюджеттердің қаржылық дербестігі артқанын байқатады.

Айтпақшы, 2023 жылдан бастап ауылдық бюджеттерге қатысты жоғары тұрған бюджеттерге бюжеттік алым тетігі қолданылмайды. Жоспарлы көрсеткіштен асып түскен барлық түсімдер ауылдық округті дамытуға қалады.

Енді жергілікті өзін-өзі басқару органдары елді мекендерде өмір сүруде сапалы қызметтерді қамтамасыз ету үшін тиісті құзырет пен қаржылық ресрустармен бекітілген тетіктерге ие болады.

Жеке табыстарынан келген қаражат ауылдық округті дамытуға және жергілікті маңыздағы мәселелерді шешуге бағытталады.

– Әңгімеңізге рақмет!


Соңғы жаңалықтар