Ауылдағы жас кәсіпкерлердің 5 мың жобасын мемлекет қаржыландырады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев шағын және орта бизнеске қолдау көрсету жұмыстарын баяндады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Экономиканың зардап шеккен секторларындағы кәсіпкерлерді қолдау үшін шағын және орта кәсіпкерлік кредиттерін қайта қаржыландыру жүзеге асырылады. Экономикалық қызмет түрлерінің тізбесі кеңейтіліп, субсидиялау мерзімі 3 айға ұзартылды. Осы іс-шараға бюджеттен 18,4 миллиард теңге бөлінді», - деді Әсет Ерғалиев Үкіметтің бүгінгі отырысында.

Министрдің айтуынша, биылғы шілде айында «Бизнестің жол картасы» және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламалары аясында жаңа бизнес жобаларын субсидиялау үшін бюджеттен қосымша 13,2 миллиард теңге бөлінді. Екі бағдарламаны қаржыландырудың жалпы көлемі 186,3 миллиард теңгені құраған.

«Биылғы шілдеде «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында «Бастау-Бизнес» жобасының түлектеріне шағын несие беру басталды. Оған 22,5 миллиард теңге бөлінді. Ауылдағы өз кәсібін жаңадан бастайтын кәсіпкерлердің 5 мыңдай жобасын қаржыландыру жоспарлануда», - деді Ә. Ерғалиев.


Соңғы жаңалықтар