«Ауыл» партиясының өкілдері ауыл халқының өмірін жақсарту мәселесін талқылады

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Өскемен қаласында «Ауыл» Халықтық- демократиялық патриоттық партиясының Шығыс Қазақстан облысы бойынша филиалының активі ШҚО экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшылығымен кездесіп, «Ауыл-Ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасының жүзеге асырылу барысын талқылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ауыл-Ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы қабылданғалы «Ауыл» партиясының өкілдері оның өңірлерде жүзеге асырылуы бойынша түрлі деңгейлердегі талқылауларға белсенді түрде қатысып, өз ұсыныстарын білдіруде. Партияның ауыл-аймақтардағы мүшелері мен белсенділерінен келіп түскен ұсыныстар партияішілік жұмыс топтарында талқыланып, жергілікті құзырлы мемлекеттік органдарға жолданады. Әсіресе «Ауыл-Ел бесігі» бағдарламасының ауылдық жерлердің инфраструктурасын дамытуға қатысты тұстары «Ауыл» партиясының жіті назарында.

Өскемен қаласында өткен жиын барысында «Ауыл» ХДПП Шығыс Қазақстан облысы бойынша филиалының төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Фарид Әбітаев аталған бағдарламаның Шығыс Қазақстан өңірінде іске асырылуы бойынша өз пікірін білдіріп, бағдарламаны ауыл халқының игілігіне жұмыс істету бағытында ұтымды ұсыныстарын айтты.

Оның ойынша, осындай мемлекеттік бағдарламалар жоғары деңгейде жүзеге асырылса, ауылдағы тұрғындардың өмір сүру сапасын әлдеқайда жақсартуға мүмкіндік бар.


«Осы ретте, ең өзекті мәселелердің бірі – аграрлық сала. Қалдықтарды жинауға қатысты жаңашылдықтан кейін моторлы ауылшаруашылық техникаларының бағасы күрт өсіп кетті. Мысалы трактор мен комбайндардың бағасы 10-нан 16 миллион теңгеге дейін қымбаттаған. Бұл шара ерте жүзеге асырылды және экономикалық тұрғыда тиімсіз деп санаймыз. Менің ойымша, бұл шешімді кем дегенде екі жылға шегеру керек», - деді Фарид Әбітаев.


Бүгінгі талқылаудың қортындысы бойынша «Ауыл» партиясы Шығыс Қазақстан облыстық филиалы саяси кеңес Президиумынан «Ауыл-Ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасының іске асырылуына жауапты құзыретті органдар мен облыс әкімінің атына тиісті ұсыныстар жолдамақ.


Соңғы жаңалықтар