«Ауыл» партиясының өкілдері Ақмола облысын аралады

None
None
АҚМОЛА ОБЛЫСЫ. ҚазАқпарат - «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының өкілдері Ақмола облысы, Бұланды ауданы, Қараөзек ауылының ел-жұртымен кездесіп, халықтың мұң-мұқтажын тыңдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біздің ауылдың қордаланып қалған проблемалары жеткілікті. Соның негізгілеріне тоқталсам, алдымен ауыз су. Халық таза суға зәру және бұл мәселенің шешілмей келе жатқанына біраз уақыт болды. Көлігі бар тұрғындар ауыз суды қаншама шақырым жерден тасып ішеді. Ал мүмкіндігі жоқ кісілер амал жоқ, тұзды суды ішіп отыр. Ауыл әкімі келесі жылы ауыз сумен қамтамасыз етеміз деп отыр. Оны уақыт көрсете жатар, бұған дейін де су келеді деп уәде берілген. Екінші мәселе, мал жайылымының жоқтығы. Мұндағы халықтың негізгі тіршілігі мал шаруашылығы, ал оны бағатын жер жоқ. Себебі ауылдың маңы қаптаған орман, одан қалғаны жеке шаруашылықтардың жері. Ол жерлерге егін егіп тастаған. Яғни мал бағатын жер жоқ. Осы ауылдың жерін 3 ірі ферма пайдаланады. Барлығы да жеке кәсіпкерлер. Олар біздің ауылдың жерін пайдаланғанымен бізге еш пайдасы жоқ», - деді Қараөзек ауылының тұрғыны Қабылқан Елеш.


Тұрғындарының айтуларынша, ауылдағы әлеуметтік нысандардың да азық-тозығы шыққан.

«Ауылымызда тек мектеп пен медициналық бекет қана бар. Басқа халыққа қажетті нысандар іске аспай қирап жатыр. Кезінде мәдениет үйі, наубайхана, асхана болған, қазір олардың біреуі де жұмыс істемейді. Ауылдағы жолдың мәселесі де мәз емес. Айта берсек, бізді мазалайтын проблема жеткілікті. Соның ішінде ең қиыны мал бағатын жайылымның болмауы. Халық малмен күн көріп отыр. Ал жердің бәрін жеке шарауашылық иелері сатып алған. Сондықтан да осы мәселелерді «Ауыл» партиясы арқылы билік өкілдеріне жеткізгіміз келеді», - дейді ол.

Жергілікті әкімдіктің мәліметіне сүйенсек, Қараөзек ауылында 230 отбасы тұрады, халықтың саны 981.

Сондай-ақ, ауылдың жалпы жер аумағы 15 мыңнан астам гектарды құраса, оның 10 мың га егін алқабы алып жатыр. Сол сияқты ауыл тұрғындарының 1 мыңға жуық ірі қара және 2 мыңдай ұсақ малы бар.

«Алдымен су мәселесіне келсек, биыл су тарту қолға алынды. Бүгінде жобалық сметасы әзірленіп жатыр. Бюджеті бекітілсе 2021-2022 жылдары ауыл тұрғындары ауыз сумен қамтылады деген үміттеміз. Енді мал жайылымына келсек, бұл бұрыннан келе жатырған мәселе. Себебі кезінде ауыл маңындағы жерлер жеке шаруашылықтарға 49 жылға жалға берілген. Бүгінде жер солардың жеке меншігі болып отыр, яғни иелері бермейді. Жер мәселесі жыл сайын айтылып, қозғалады сондықтан оны заң көлемінде шешпесе, басқаша жол жоқ. Әлеуметтік нысандар туралы айтар болсам. Оларда жеке меншік иелігінде. Нысан басшыларымен де талай кездесіп халыққа пайдалануға беру туралы ұсыныс бердік, бірақ одан нәтижесі шықпады. Есесіне бүгінде ол ғимараттар қирап бос жатыр», - деді Қараөзек ауылының әкімі Қорқытбай Мұхамәдиев.


Қараөзек тұрғындарының мұң-мұқтажын тыңдауға арнайы барған «Ауыл» партиясы төрағасының орынбасары Төлеутай Рақымбеков өз кезегінде жоғарыдағы мәселелерге қатысты партияның ұстанымын алға тартты.

«Бұл ауылдың тұрғындары біздің партияға арнайы хат жолдап, өз мәселелерін қарастыруды өтінген болатын. Осыған байланысты біз бүгін ауыл тұрғындарымен кездесіп, проблемаларды өз ауыздарынан естуді жөн көрдік. Бір айтып өтерлігі, осы жерде айтылған проблемалар еліміздегі көп ауылдарға тән. Яғни сол бағы ауыз су, жол және тағы басқа мәселелер. Партия атынан айтарым, аталған мәселелердің шешілуіне атсалысатын боламыз. Ауыл тұрғындарының аманатын құзырлы мекемелерге жеткіземіз»- деді Т. Рақымбеков халықпен кездесу барысында.


Соңғы жаңалықтар