«Ауыл» партиясы Президенттің жер туралы тапсырмаларына қолдау білдірді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «Ауыл» Халықтық-демократиялық патриоттық партиясының төрағасы Әли Бектаев Президенттің жер туралы тапсырмаларына қолдау білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ауылдық жердегі еңбектің шын бағасын залда отырған шаруашылық өкілдері, сіздер, білесіздер! Оны ауыл шаруашылығына үнемі көңіл бөлетін Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев біледі. Ауылдағы еңбектің бағасын өзінің «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты жолдауында агроөнеркәсіптің дамуы мен 7 миллион 700 мың ауыл тұрғындарының өмір шарттарына ерекше назар аударған Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев біледі», - деді Әли Бектаев «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының XVI есеп беру-сайлау съезінде.

Мемлекет басшысы өз жолдауында «Жер ресурстарын тиімсіз пайдалану мəселесі өте өзекті болып отыр. Жерге салынатын тікелей салықтар деңгейінің төмендігі жағдайды күрделендіре түсті. Мемлекеттен жерді тегін жалға алу құқығына ие болғандардың көпшілігі жерді игермей, босқа ұстап отыр. Елімізде «шөп қорыған иттің» кебін киген «латифундистер» көбейіп кетті. Пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін қайтарып алатын кез келді. Жер – біздің ортақ байлығымыз жəне оны кім игерсе, соған тиесілі болуы тиіс» деп тайға таңба басқандай етіп атап көрсетті.

«Ауыл» партиясы Президенттің бұл тапсырмасын толықтай қолдайды.

«Бұл ауыл шаруашылығы үшін өмірлік маңызы бар шешім. Партияның өңірлік филиалдары бұл мәселеде қырағылық танытып, жергілікті атқарушы органдардың алдына нақты мәселелер қойып отыруы керек. Елді толыққанды жаңғыртуға бағытталған тапсырмаларды жүзеге асыруда ауыл мен агроөндірістік кешен маңызды орын алады. Агроөндірістік кешеннің тиімді жүйесін қалыптастыруда Үкімет кейінгі жылдары талай ауқымды істердің басын қайырды», - деді партия төрағасы.

Айта кетейік, елордада «Ауыл» Халықтық-демократиялық патриоттық партиясының XVI есеп беру-сайлау съезі басталды.

Съезд жұмысы аясында партияның Төрағасы сайланып, Саяси кеңестің жаңа құрамы бекітіледі және партия Жарғысына өзгертулер мен толықтырулар енгізіледі.

Соңғы жаңалықтар