«Ауыл» партиясы ауылдық жерлерде сүт, ет өнімдерін өндейтін орын ашуды ұсынды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Бүгін «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы Алматы қаласы филиалының ұйымдастыруымен «Пандемия жағдайында аграрлық ғылымды дамыту» тақырыбында семинар –кеңес өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Семинардың мақсаты – аграрлық ғылымның қазіргі проблемалары мен тиімділігін арттыру жолдарын көрсету.

Шараға ауылшаруашылық ғылыми-зерттеу институттарының ғалымдары мен партия белсенділері қатысты.

«Агроинженерия ғылыми-өндірістік орталығы» ЖШС директорының орынбасары Асқар Рзалиевтың айтуынша, пандемия елді азық-түлікпен қамтамасыз етудегі проблемаларды ашты. Жыл сайын Қазақстанға импорт бойынша 3,6 млрд АҚШ доллары сомасында азық-түлік әкелінеді.

«Ел президенті Қасым – Жомарт Тоқаев өз Жолдауында дамыған ауыл шаруашылығынсыз бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін емес екенін атап өтті. Жолдауда аграрлық сектордың шешілмеген түйінді проблемалары, атап айтқанда, аграрлық ғылымның даму деңгейінің төмендігі атап көрсетілген. Әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, ғылымның белсенді қатысуынсыз Ауыл шаруашылығын дамыту мүмкін емес. Алайда отандық аграрлық ғылымның тиімділігі жеткіліксіз деңгейде. Ғылыми жұмыс нәтижелерінің тек 8% практикалық қолданысқа ие»,– деді Асқар Рзалиев.


Сонымен қатар, ол ғылымды қаржыландырудың жалпы тәжірибесінде ескі кеңестік қаражат бөлу схемасы қолданылатынын айтты. Яғни, нарықтық экономиканың даму процестері қолданбалы ғылымға әсер етпеді, оның маңыздылығы бұрын ескерілмеген және әлі де назардан тыс қалып отыр.

«Сондықтан ғылымды қаржыландыру саласында бізде үлкен айырмашылықтар бар: барлық қаражаттың 90% -дан астамы ғылыми-зерттеу жұмыстарына, 10% -дан азы эксперименттік жұмыстарға бөлінеді, ал трансферт пен коммерцияландыруға мүлдем жол берілмейді. Сонымен қатар, әлемдік тәжірибеде осы үш негізгі бағыттың үлесіне шамамен бірдей қаржыландыру көлемі тиесілі – 30-35% - дан»,– деді «Агроинженерия ғылыми-өндірістік орталығы» ЖШС директорының орынбасары Асқар Рзалиев.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта аграрлық ғылым саласында өсімдік шаруашылығы бойынша 300 – ге жуық, мал шаруашылығы саласында 200-ге жуық аяқталған ғылыми әзірлемелер бар. Егер аяқталған әзірлемелерді өндіріске енгізудің әсерін талдайтын болсақ, онда ғылымға салынған әрбір теңгенің практикалық қайтарымы 5,5 теңгені құрайды.

«Отандық аграрлық ғылымның инновациялық өнімдері жетекші аграрлық елдердің технологиялық инновацияларына қатысты бәсекеге қабілетті. Қазіргі проблемаларды шешу үшін ғылымның нәтижелерін өндіріске жылжытудың оңтайлы жүйесін құру ұсынылады – трансферт, коммерцияландыру және экстеншн»,– деді ол.

Семинар барысында сөз алған, партия мүшесі Тохтар Әбілжанұлы ауылды жерлерде ауыл шаруашылығы саласын дамыту кезек күтірмейтін мәселе екенін тілге тиек етті.

«Қазір ауылда жұмыс орны жоқ. Мысалы мал шаруашылығын алар болсақ, ірі қараның 90 пайызы, қойдың 95 пайызы кішігірм шаруа қожалықтарында. Олар адамдарды жұмыспен қамтамасыз етпейді. Сондықтан, ауылды жерлерде шағын мал бордақылайтын орындар мен сүт фермаларын ашатын уақыт келді. Ауыл, аудан, облыс әкімдері осы мәселеге ерекше назар аудару қажет. Мемлекетте мал да, жер де бар. Бірақ, өзімізді толық етпен, сүтпен қамтамасыз ете алмай отырмыз. Сондықтан, «Ауыл» партиясы осы мәселені шешудің жолдарын қарастырады»,– деді ол.


Өз кезегінде «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы Алматы қаласы филиалының төрағасы Махамбет Хасанов семинарға қатысушылардың ұсыныстары міндетті түрде қаралатынын мәлім етті.

«Біз «Агроинженерия ғылыми-өндірістік орталығы» ЖШС ғалымдарының ұсыныстарын билікке жеткіземіз. Оның он шешім табуына әрекет жасаймыз»,– деді Махамбет Хасанов.


Соңғы жаңалықтар