«Ауыл» партиясы әлеуметтік карта жасауды ұсынды

None
None
АҚТАУ. ҚазАқпарат – Ақтауда «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының ұйымдастырумен «Мемлекеттік қолдау: көп балалы әйелдер және балаларға арналған бір жолғы көмектер» тақырыбында әлеуметтік саясатты қалыптастыру, жәрдемақының әр балаға төленуін қамтамасыз ету бойынша дөңгелек үстел өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Шараға партияның Маңғыстау облыстық филиалының төрағасы Қуат Машырықов, үкіметтік емес ұйым өкілдері, көп балалы аналар қатысты.

«Ауыл» партиясы әлеуметтік саладағы маңызды мәселелерді жиі көтеріп жүр. Көпшілік қадамдардың іске асуына, өмірге еңуіне себепші болып келеміз. Сондықтан тағы бір маңызды тақырыпты талқылау үшін жиналып отырмыз. Партияның бастамасымен жақында ғана Түркістан қаласында ұлттық құндылықтарымызды дамыту жөнінде жаңа тұжырымдама ұсынылды. Біз ұлттық құндылықтар туралы көп айтамыз, бірақ осы құндылықтардың көптеген маңызды мәселелері шетте қалып кетеді. Соның бірі – ол отбасылық құндылықтар. Біздің осы ұлттық құндылықтарымыз әр адамның өмір жолына, өсіп-өңуіне әсер етеді», - деді «Ауыл» партиясының төрағасы К.Машырықов.

Дөңгелек үстел барысында саяси ұйым мүшелері бала туғанда және бала күтімі кезінде аналарға мемлекет тарапынан берілетін әлеуметтік төлемдердің төмен деңгейіне байланысты өз алаңдаушылықтарын білдірді. Әлеуметтік көмек түрлерінің және оларды алу шарттары азаматтарды шатастырады.

Сондай-ақ, ауыл тұрғындары мемлекет қолдауына ие болу үшін өз табыстарының төмен деңгейін дәлелдемеуі тиіс деп есептейді.

Дөңгелек үстелге қатысушылар мемлекеттік органдарға баланы туғаннан бастап 18 жасқа толғанға дейін әлеуметтік қолдаудың бірыңғай стандартын анықтауды ұсынды.

«Мысалы, қазір отбасында үш бала болса тұңғышы 18 жасқа толған соң жәрдемақы бірден тоқтатылады. Яғни, әр бала 18 жасқа толғанша жәрдемақы төленсе, деген ұсыныс айтамын. Мектепке дейінгі білім беру мекемелерінің және мектеп жасындағы балалар үшін ақылы қосымша білім алудың қолжетімсіздігі қазіргі кезде үлкен әлеуметтік мәселеге айналған. Бір сөзбен айтқанда ана мен баланы қолдау саясатында түйіні шешілмеген түйткілді мәселелер баршылық. Бүгін біз сіздермен осы мәселелерді талқылау үшін бас қостық.Балалар - біздің болашағымыз. Егер біз қазір әлеуметтік көмекті кедейлік шегінің 70% шегінде төлей отырып, тәрбиелейтін болсақ, онда болашақта олардан отансүйгіштікті, Отан үшін толық берілгендікті талап етуге моральдық құқығымыз жоқ», - деді көпбалалы ана Гүлжанат Мұратбай.

Жиын соңында бірыңғай әлеуметтік қор құру, әлеуметтік карта жасау ұсыныстар айтылды.


Соңғы жаңалықтар