Ауыл инфрақұрылымын дамыту үшін өңірлік стандарттар енгізіледі - Руслан Дәленов

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қалаларда, аудан орталықтарында және ауылдарда инфрақұрылымды дамыту үшін Өңірлік стандарттар жүйесі енгізіледі.

Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Өңірлерді дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының жобасын таныстырған Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Өңірлерді дамыту бағдарламасы 2014 жылдан бастап іске асырылуда. Ол агломерацияларды, моно- және шағын қалаларды, сондай-ақ даму әлеуеті жоғары ауылдарды дамыту мәселелерін қамтиды. Жаңа бағдарламада басымдықтар қалалық өсу орталықтарын – төрт ірі агломерацияны және өңірлік урбандалған аймақтарды, сондай-ақ тірек және спутниктік ауылдарды дамытуға бағытталған. Бұл елдің барлық өңірлерін дамытуға және өңірлердегі өмір сүру сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Ресурстарды шоғырландыру экономикалық өсімді ұлғайтуға мүмкіндік береді. Қалаларда, аудан орталықтарында және ауылдарда инфрақұрылымды дамыту үшін Өңірлік стандарттар жүйесі енгізілетін болады», - деді ол.

Оның атап өтуінше, бағдарламаның бірінші бесжылдығы осы жылы аяқталады. Бес жылдық бағдарламаның жүзеге асырылу нәтижесінде Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтөбе және Шымкент қалалары мен оларға іргелес елді мекендердің халық саны 1 млн адамға артты. Моноқалаларда сумен жабдықтау желілерінің тозуы 10 және электр желілерінің тозуы 12 пайызға төмендеді. Бес жыл ішінде 17 мың маманға «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша тұрғын үй сатып алуға жеңілдетілген бюджеттік кредит берілді. Ауылдарды абаттандыру бойынша 8 мың жоба іске асырылды. 700 мыңға жуық ауыл тұрғындары үшін инфрақұрылым жақсарды.

«Аталған іс-шараларға барлығы 252 млрд теңге бөлінді. Сондай-ақ, сумен жабдықтауды және тұрғын үй салуды дамыту бойынша іс-шаралар жүргізілді. 2017 жылдан бастап тұрғын үй салу бойынша іс-шаралар «Нұрлы жер» бағдарламасына біріктірілді. 2020 жылдан бастап сумен жабдықтау, су бұру және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері де «Нұрлы жер» бағдарламасы аяында іске асырылатын болады. Осы бес жылда инженерлік инфрақұрылымды дамытуға 1,4 трлн теңге бөлінді«, - деді Руслан Дәленов.

Соңғы жаңалықтар