«Ауыл – ел бесігі»: Жамбылда 53 жоба жүзеге асады

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысында «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 108 жоба жүзеге асырылуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жамбыл облысы әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Гүлдана Жауынбекованың айтуынша, жоба аясында облыстың 3 аудан орталығында 108 жоба жүзеге асырылуда.

Оған республикалық бюджеттен бөлінген 2,77 миллиард теңге қарастырылыпты. Оның ішінде 104 жоба әлеуметтік, тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы, көлік инфрақұрылымдары нысандарын жөндеуге бағытталса, төрт жоба бойынша әлеуметтік нысандардың құрылысы жүргізілуде екен.

Атап айтар болсақ, Жамбыл ауданы Аса ауылындағы әмбебап залы бар спорттық-сауықтыру кешенінің құрылысы, Шу ауданының орталық аудандық ауруханасына жапсарлас ғимаратының, Шу ауданы Төле би ауылында «Мәдениет үйінің» және әмбебап залы бар спорттық-сауықтыру кешенінің құрылысы жүргізілуде. Барлық жобалар бойынша жұмыстар басталып, жүргізілуде десек, 85 жоба аяқталып үлгерілген. Ал, төрт жоба келер жылға өтпелі.

«2020 жылға облыстың 3 ауылында Қордай ауданы Қордай ауылы, Меркі ауданы Меркі ауылы, Сарысу ауданы Саудакент ауылында барлығы 53 жоба жүзеге асады деп жоспарланған. Оған 2 миллиард теңге лимит белгіленіп, тиісті құжаттар ҚР Ұлттық экономика министрлігіне ұсынылды»,-дейді Гүлдана Жауынбекова.

Соңғы жаңалықтар