Ауыл – ел бесігі: ШҚО-да 52 жоба жүзеге асырылуда

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 116 тірек ауыл мен кенттердегі әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары қарқынды жүруде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметовтің төрағалығымен өткен әкімдік отырысында айтылды. Аталмыш бағдарлама аясындағы алғашқы жобалар өткен жылы төрт ауданда басталған болатын. Нәтижесінде Көкпекті ауданында дене шынықтыру-сауықтыру кешені, Үржар мен Күршім аудандарында жаңа бассейндер салынды. Жақында Глубокое ауданында Мәдениет үйі пайдалануға берілген.

«Жыл басынан бері 52 жоба жүзеге асырылуда. Бүгінгі таңда 46 жоба аяқталып, қалғандары келесі жылы мәресіне жетпек. Олар: Күршім ауданының Қалжыр ауылындағы спорт модулінің құрылысы, Жарма ауданының Әуезов кентіндегі Мәдениет үйі, Катонқарағай ауылындағы дене сауықтыру кешені және Катонқарағай ауданы Үлкен Нарын ауылындағы орталық аурухана ғимаратының жөндеу жұмыстары», - деді ШҚО экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Сәуле Ұлақова.

Бүгінгі таңда Катонқарағай ауданында төрт мектепке, мәдениет үйіне, сондай-ақ көшелерге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Күршім ауданы Марқакөл ауылындағы балабақшаға, ауруханаға күрделі жөндеу жүргізілген. Үржар ауданы Мақаншы ауылында спорт модулі салынып, Алтыншоқы және Шолпан ауылдарындағы мектептерде күрделі жөндеу жұмыстары аяқталды. Тарбағатай ауданындағы Тұғыл және Ақжар ауылдарындағы мектептер мен мәдениет үйлерінде күрделі жөндеу жұмыстары мәресіне жеткен.

«Шекара маңындағы аудандардың әлеуметтік-экономикалық дамуы халықтың көші-қон ағынын тоқтатады. Сондықтан «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы және шекара маңындағы аудандарды дамытудың кешенді жоспары аясында межеге алынған барлық жобаларды жоғары деңгейде іске асыру аса маңызды», – деді Даниал Ахметов.

Айта кетейік, келесі жылы өңірдегі 20 тірек ауылда 25 жобаны іске асыру жоспарланған.

Соңғы жаңалықтар