Ауыл әкімдерін сайлау – халық қалауы - Алтай Тайжанов

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университеті қоғамдық-гуманитарлық пәндер кафедрасының меңгерушісі, облыстық қоғамдық кеңес мүшесі Алтай Тайжанов ауыл әкімін сайлау, жаңа реформа жөнінде өз пікірін білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Философия ғылымдарының докторы, профессор Алтай Тайжанов ауыл әкімін сайлау ауыл өміріне өзгерістер әкеледі деп есептейді.

«Бұл халықтың үні, тілегі, тіпті талабы деп айтсақ болады. Әкімдер Президенттің жергілікті жердегі өкілі екені белгілі. «Төменгі буыннан бастап жоғары қарай жүру қажет. Әйтпесе, қиындық, қателік болар» деген оймен әуелі ауыл әкімдерінен бастап сайлау қолға алынды. Әрі қарай жоғарылай беруі мүмкін. Жеке пікірім: жалпы әкімдерді халықтың сайлап қоюы дұрыс. Себебі біреуді біреу тағайындап қоятын болса, ол сол адамға тәуелді. Халық сайлап қоятын болса, ол халықтың атынан сөйлей алады. Халыққа ешкім тәуелді емес, халыққа қызмет етесің. Мәселенің мән-маңызы осында. Әсіресе ел арасындағы түрлі пікір, ойдың еркін айтылуы, әлеуметтік желідегі жазба, билік пен халық арасындағы алшақтық білінген кезде мұның мәні зор деп есептеймін. Бұл халықтың оянуы. Әкімді халық сайласа, халық арасында жүретін болса, ол оянған, халықпен үндесе, пікірлерін тыңдай жүріп, оянғысы келіп жүрген халыққа қызмет ете алады»,- деді ол.

Ауыл әкіміне үміткерлер өз бағдарламаларында әлеуметтік мәселелер шешімін ұсынды. Алтай Тайжановтың айтуынша, мұны жеткізу, іске асыру кез келгеннің қолынан келмейді.

«Алуан-алуан жүйрік бар, әліне қарай шабады. Ауыл, тіпті аудан әкімі өзі жол сала алмайды. Ол үшін бюджеттен қаржы қарастырылуы керек. Ал қаржы бөлу үшін сол мекеннің ақсап тұрған тұсын, нақты түсіндіріп, айту керек. Облыс әкімі қолдап, мәслихатта бекітілуі тиіс. Ауылдан сайланған, халық таңдаған адам іс қылам десе жоғары отырғандар қолдайды деп есептеймін. Ал оны тағайындайтын болса, «орныңа басқа адамды қоямын, үндемей отыр» деп айтуы мүмкін. Халық сайлаған адамның артында халық бар. Жалтақтамай, өз білімі мен білігін осы салада пайдалана алады»,- деді Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университеті қоғамдық-гуманитарлық пәндер кафедрасының меңгерушісі, облыстық қоғамдық кеңес мүшесі Алтай Тайжанов.

Оның айтуынша, сайлаудың әділетті өтуін қамтамасыз ету қажет. Дұрыс, іскер азамат ауылды өрге сүйрейді. Дұрыс таңдау ауыл тұрғындарының саналылығын, біліктілігі мен парасаттылығын көрсетеді.

«Біреудің жоғалған тайлағын біреу өлең айтып жүріп іздейді»,- деген бар. Менің ойымша, әкім сол ауылдан шыққан адам болуы керек. Бәлкім ол қалада тұрып, ауылға әкім болған соң көшіп барып, сол жерде үлкен іс тындыруы мүмкін. Мұндай адамдарды құптаймын. Ал ауыл әкімі қызметін трамплин ретінде қолданып, жоғары қызметтерге көтерілуді көздесе, бұрыс. Қаладан ауылға барса, көрген, білген, үйренгенін ауылдастарына арнаса, одан артығы жоқ болар еді, елдің мәдени-рухани жаңғыруына да үлес қосар еді»,- деді Алтай Тайжанов.


Фото: avestnik.kz

Соңғы жаңалықтар