Аутизмі бар балалармен жұмысқа арналған кітаптар қазақ тілінде шығарылмақ

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «Болашақ» қоры аутизмге шалдыққан балалардың мінез-құлқына жүргізілген қолданбалық талдау жұмыстары бойынша алғаш рет қазақ тіліне аударылған кітаптарды басып шығаруды жоспарлап отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Олардың қатарында доктор Дж. Партингтонның (АҚШ) «ABLLS-R» жеке бағдарламаларын құрастыру бойынша дағдыларды бағалау құралы мен нұсқаулығы және Ю. Эрц пен О. Мелешкевичтің (Израиль, АҚШ) «Ерекше балалар. Мінез-құлықты қолданбалы талдауға кіріспе» кітабы бар.

Еске сала кетейік, болашақтықтардың бастамасымен құрылған «Болашақ» қорына биыл 10 жыл толды. Осы жылдар ішінде болашақтықтар фильмдерді мемлекеттік тілге дубляждайтын белгілі жобамен қатар, көптеген әлеуметтік және қайырымдылық бастамаларды іске асырды. Солардың бірі – «Әрбір бала мектепке баруға лайық» инклюзивті білім беруді дамыту жобасы.

Қордың мәліметінше, жобаны болашақтықтар «Nur Otan» партиясының қолдауымен, Қазақстанда инклюзивті білім беру моделін құру және енгізу мақсатында жүзеге асыруда. Негізгі бағыты – инклюзияны қолдау кабинеттерін ашу, қазақстандық мамандарды ерекше балаларды сүйемелдеудің халықаралық тәжірибелеріне оқыту, кәсіби әдебиетті қазақ тіліне аудару.

Жобаның ерекшелігі – мінез-құлық мамандарының мектептерге үздіксіз әдістемелік қолдау көрсетуі. Мұндай қолдау қажеттілігі аутизммен ауыратын балалардың даму ерекшеліктерімен және қазақстандық мамандардың біліктілік деңгейінің жеткіліксіздігімен байланысты.

Аутизмге шалдыққан балалар – ерекше білім беруді қажет ететін балалардың арасындағы ең күрделі санаттарының бірі – бұл мінез-құлықтарында кемістіктері бар балалар. Бүгінде мектептер мен балабақшалар оларды оқытуға дайын емес. Педагогтар мен тәрбиешілер, дефектология факультеттерінің түлектері осындай балаларды түсінуге және оқытуға көмектесетін әдістемелерді меңгермеген. Аутизм және аутистік белгілері бар балалар сөйлей, басқалармен қарым-қатынас жасай алмауы, күнделікті тапсырмаларды орындай алмауы мүмкін. Дегенмен, дер кезінде дұрыс қарым-қатынас жасап, тілін таба білген жағдайда олар тез үйренеді және мұндай балаларды жалпы ортада оқытса, дағдылары айтарлықтай жақсы қалыптасады.

Бүгінде «Болашақ» қоры еліміздің 17 өңірінде 43 инклюзияны қолдау кабинетін ашты. Олардың арасында елордадағы екі балабақша да бар. Аутизм және басқа да ақыл-ой кемістігі бар 600-ден астам бала күн сайын мектепке баруға мүмкіндік алды. Сондай-ақ болашақтықтар Нұрсұлтан Назарбаев қорына инклюзияны қолдау бойынша тағы 16 кабинет ашуға жан-жақты сарапшылық қолдау көрсетті. Қазіргі уақытта аталған кабинеттер «Болашақ» қорының кураторлығымен жұмыс істеуде.

Қамқоршылық кеңесінің жетекшісі Динара Шайжүнісованың айтуынша, Қазақстанда мінез-құлық мамандарының кадрлық резервін құру мақсатында «Болашақ» қоры қазақстандық мамандарды шетелдік мінез-құлық сарапшыларынан тұрақты түрде оқытып, супервизиядан өткізіп тұрады.

Қор ерекше білім берілуіне қажеттілігі бар балалармен жұмыс істейтін мамандар үшін Қазақстандағы алғашқы «Ерекше білім берілуіне қажеттілігі бар балаларды мінез-құлқына қолданбалы талдау әдістерін пайдалана отырып психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу (АВА-терапия)» бірегей біліктілікті арттыру курсын әзірлеп, іске қосты. Аталған курс ҚР Білім және ғылым министрлігі сараптамалық кеңесі мақұлдаған АВА-терапия бойынша біліктілікті арттырудың Қазақстандағы алғашқы курсы болды. 10 қарашада «Болашақ» қоры курсқа авторлық құқық алды.

«Бүгінде елімізде 15-ке жуық мінез-құлық мамандары жұмыс істесе, олардың 10-ы Қордың мамандары. 40-тан астам мектеп мамандары Қор қаражаты есебінен халықаралық деңгейдегі ұзақ мерзімді сертификаттау курстарында оқуда. 2022 жылдың көктемінде «Болашақ» қоры мінез-құлықты қолданбалы талдау бойынша қазақ тіліне аударылған алғашқы кітаптарды шығаруды жоспарлап отыр. Олар: доктор Дж. Партингтонның (АҚШ) «ABLLS-R» жеке бағдарламаларын құрастыру бойынша дағдыларды бағалау құралы мен нұсқаулығы және Ю. Эрц пен О. Мелешкевичтің (Израиль, АҚШ) «Ерекше балалар. Мінез-құлықты қолданбалы талдауға кіріспе» кітабы», - деді Динара Шайжүнісова.

Айта кетейік, «Әрбір бала мектепке баруға лайық» жобасы аясында балаларға көрсетілетін қызметтер қайырымдылық қаражаты есебінен ақысыз негізде ұсынылады.


Соңғы жаңалықтар