Аутизм күні: Ақтөбеде балалар демалыс орындарына барды

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе қаласында аутизм дертіне шалдыққан балалар ойын-сауық орындарына қонаққа барды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүкіләлемдік аутизм мәселесі туралы ақпарат тарату күніне орай Ақтөбеде бірнеше шара өтті. Балалар мен олардың ата-аналары түскі асқа шақырылып, батут орталығына көңілді кеш ұйымдастырылды. Сонымен қатар, қала сыртындағы демалыс орталығында тынығуға мүмкіндік жасалды.

«Аутизм дертіне шалдыққан балалар ғана емес, олардың аналарына да үлкен қамқорлық, күтім қажет. Себебі, баланы күту, денсаулығын жақсарту жолында кеткен күштің бәрін қайта қалпына келтіру үшін кешенді жұмысты жалғастыруымыз керек. Қазіргі күні Ақтөбе облысында «Аяла» орталығы бар. Мұнда балалар ем алады. Алдағы уақытта мәселені одан әрі көтеріп, аутизм дертіне шалдыққан балалардың өзгелермен тең жүруіне, қатар тәрбиеленуіне жағдай жасауымыз қажет», - деді «Аутизм дертіне шалдыққан балалар ата-аналарының РАСтешка қауымдастығы» Қоғамдық бірлестігінің төрағасы Салтанат Кенжебекова.null

Ақтөбе облысында 200-ден астам бала аутизм дертіне шалдыққан. Олар үшін өткен жылы «Аяла» орталығында арнайы емдеу шарасы басталды. Мәселен, бір бала үш ай сайын ем қабылдайды. Аптасына үш рет педагог сабақ өткізеді. Сөйлей алатын балалар топтық дәріске қатысса, тілі кеш шыққан балалармен педагогтар жеке айналысады.

«Аутизмге шалдыққан баланың анасы ретінде бізді көпшілік ортаға шақырып, балалардың көңілін көтеру, оларға ерекше қуаныш сыйлау шарасының маңызы зор. Балам Мәди 13 жаста. Ақтөбеде біз ортақ желіде отырып, сол жерде білікті дәрігерлерден кеңес аламыз. Бір-бірімізге кеңес беріп, қолдау көрсетіп отырамыз. Қоғам аутизмге шалдыққан балаларға көзқарасын өзгертті. Біз қоғамдық көліктерге мінуге қорықпаймыз, бәрі түсінеді», - деді ата-ана Гүлнәр Сафианова.

Соңғы жаңалықтар