Ауғанстан: Қазақстан – тұрақтылығы шайқалған өңірдің ұйыстырушысы

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Францияның La Revue des transitions ақпараттық-сараптамалық медиапорталында Қазақстанның ауған мәселесін шешудегі конструктивтік рөлі туралы редакциялық мақала жарияланды, -деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аймақтық деңгейдегі державалар Американың Ауғанстаннан әскерін әкеткенін пайдаланып, ескі қақтығыстардың қайта өршу қаупіне қарамастан, Орталық Азиядағы ықпалын күшейтуге күш салуда. Қазақстан дипломатиясы бұл істе Сирия мен Украина дағдарыстары кезінде аракідік делдалдық жасаған тиімді тәжірибесін пайдаланып, өзін тағы да тұрақтандырушы элемент ретінде таныта алар еді.

Талибан Кабулды қайта басып алғаннан бері екі аптадан астам уақыт өтті. Мұсылман фундаменталистерінің қарқынды үгіт-насихат жүргізіп жатқанына қарамастан, Ауғанстанның барлық аумағында қылаң беріп жатқан белгілер күн сайын хаостың етек алып келе жатқанынан хабар береді.

Кабулдың жаңа қожайындары белгілі бір деңгейде тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етіп жатқанына қарамастан, мемлекетте күйреу басым. Мемлекеттік қызметшілер жалақы алып жатқан жоқ. Өмірлік маңызы бар инфрақұрылымдардан жиі ақау шығып, тұтас провинциялар электрсіз қалуда. Құрғақшылық пен аштық та өршіп тұр. Салдарынан ондаған миллион ауғанстандықтың өміріне қауіп тенген. Оның үштен бір бөлігі азық-түлікке мұқтаж. БҰҰ бас хатшысы Антониу Гутерриш ресми түрде елде «гуманитарлық апат» орнауы мүмкін екенін мәлімдеп, алаңдаушылық білдірді.

Ауғанстанның дағдарысқа батып бара жатқанын көршілері өз мүддесіне пайдаланып қалуға тырысып бағуда. Американың әскерін әкетуі Орталық Азияның державаларына геосаяси орнын бекемдеп, альянастар мен дипломатиялық көшбасшылыққа бастайтын тарихи мүмкіндік ұсынып отыр.

Пәкістан, Иран, Қытай, Ресей, Үндістан, Түркия сияқты елдер қайта-қайта отқа май құйып, АҚШ-тың кетуінен барынша пайда көріп қалуға тырысып бағуда. Мұның соңы Дели мен Исламабад дейтін таулы Кашмирдегі ядролық ойыншылардың қақтығысын қайта қоздырады деген тәуекел де жоқ емес.

Осынау үлкен геосаяси күйзелістер ойынында өзгелер ауған даласындағы майдан отына май құйып қалып жатса, өңірдегі жалғыз бір елдің ғана шиеленісті бәсеңдетксі келетін сияқты. Қазақстан жер көлемі бойынша бес Францияны сыйғызатын алып мемлекет. Шынымен де бұл ел осынау қым-қуыт кезеңде өзін тұрақтылықтың факторы ретінде көрсете алар еді.

Осы өңірдегі Францияның ең алғашқы және жалғыз серіктесі саналатын Қазақстан Еуропаны қорғап тұрған «қауіпсіздік белдеуі» жобасына үлкен үлес қосуда. Эммануэль Макронның әріптесі Қасым-Жомарт Тоқаевқа қоңырау шалуы соған дәлел.

«Президенттер Ауғанстандағы жағдайды, оның Орталық Азияға әсері туралы сөйлесті. Олар өңірдегі қауіпсіздік пен тұрақтылық жолында бірлесіп жұмыс істеуге дайын екендерін білдірді»,- деп жазады Елисей сарайының сайты.

БҰҰ-ның Ауғанстандағы гуманитарық миссия персоналын Қазақстанның ірі қаласы – Алматыға қоныстандыруы да соның дәлелі. Бұл жерден олар миллиондаған мұқтаж адамдарға өмірлік маңызды көмек көрсетуді жалғастыра алады.

Егер Қазақстан ауған мәселесінде қазіргі орнын сақтап қалса, бұған дейінгі халықаралық дағдарыстарда ұйыстырушы ретінде қалыптастырған атына лайықтығын көрсетер еді. 2013 жылы Иран, Германия және Еуороодақ елдері ядролық бағдарлама бойынша тарихи келісімге қол қоюға жол ашқан келіссөздердің екі раунды Алматыда өткен болатын. Ресейдің сыртқы істер министрі Сергей Лавров келіссөз алаңын ұсынған Қазақстан, Аустрия, Швейцария елдері ымыраға келуде басты рөл атқарғанын атаған сол кезде.

2017 жылы Қазақстанның астанасында Сирия мәселесі бойынша бейбіт келіссөздер басталды. Елдің бұрынғы Президенті Нұрсұтан Назарбаев бұл мәселені 2011 жылы Сириядағы азамат соғысы басталған кезден бастап қолға алған болатын. Елдің сол кездегі басшысы ықпалды көршілері Владимир Путин и Режеп Тайып Ердоғанды келіссөз үстеліне отырғызу үшін шымылдық сыртында қырауар жұмыс істеді. Бұл қадам Астананың әлем канцеляриясындағы репутациясын нығайтты.

Қазақстанның Сирия дағдарысын реттеуге араласуы 2014 жылы Украинадағы кикілжіңді шешу кезінде Франциямен бірлескен жұмыстарға ұласты. КСРО мүшесі болған елдің президенті Минск келіссөзінде даудың қазылығын қолына алып, Мәскеуге қарсы салынған санкцияларды тоқтату мәселесінде Франсуа Олланд, Ангела Меркель, Петр Порошенко және Владимир Путиннің ымыраға келуіне ықпал етті. Бұл талпыныстар көпвекторлы дипломатияның қазақстандық тұжырымдамасын өмірге әкелді.

Тәліптер Ауғанстанда жуықта ғана жеңіске жеткенін ескеріп, Қазақстан тағы да өңірдегі тұрақтандырушы агент ретіндегі рөлін нығайтатынын болжауға болады.

«Қазақстан Ауғанстанның тұрақты, тәуелсіз, біртұтас, халқы бейбіт күн кешетін, көршілерімен тату мемлекетке айналуы керек деп есептейді. Біз қайғының талайын көрген бұл елдің жаңа билігімен бірінші кезекте гуманитарлық проблемаларды шешу үшін конструктивті іскерлік байланыс орнатуға дайынбыз.», - деген болатын Қ.Тоқаев 8 қыркүйекте.


Соңғы жаңалықтар