Атыраулықтар аулаған алып қортпадан 35 келі уылдырық алынды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Атырау балықшылары жуырда Жайық өзенінің «Кіші Дамбы» тартымынан салмағы 200 келіге жуық қортпа аулаған болатын. Бекіре тұқымдас бағалы балықтан 35 келі уылдырық алынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР ЭГТРМ Балық шаруашылығы комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ұрықтанған уылдырықтар дернәсілдік кезеңге дейін инкубаторларға орналастырылады. Содан кейін олар бассейндерде жетіліп, өсіру тоғандарына ауыстырылады. Өсірілген жас бекіре тұқымдас қортпа шабақтары биылғы шілде-тамыз айларында табиғи ортаға жіберіледі.

Балық шаруашылығы комитетінің баспасөз қызметі аналық қортпаның жағдайы қанағаттанарлық екенін хабарлайды. Үйсіндіру әрекетінің нәтижесіне қарай, аналық балық шабақтарды көбейту мақсатында тоғандарда өсіріледі. Ал жасанды жағдайда ұстау мүмкін болмаса, Каспий теңізіне жіберіледі.

Комитеттің балық өсіру кәсіпорындары жыл сайын мемлекеттік тапсырыс шеңберінде ресурстарды жасанды түрде молайту жөніндегі іс-шараларды жүзеге асырады.

Осы жылғы маусым басталғаннан бері «Орал-Атырау бекіре балық өсіру зауыты» РМҚК бекіре балық түрлерінің 55 данасын аулады.

Биыл табиғи мекендеу ортасына бағалы балық түрлерінің 93,1 млн. шабағын, оның ішінде 7,5 млн. бекіре шабақтарын шығару жоспарланған.

Бұған дейін жазылғандай, 19 сәуірде Атырау балықшылары 200 келі тартатын алып қортпа аулады.



Соңғы жаңалықтар