Атыраулық оқушы волонтерлерге арналған мобильдік қосымша жасап шығарды

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат –Атыраулық оқушы авторлық жұмысына патент алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Атыраудағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы Бибарыс Ғилаж «Шаңырақ» мобильдік қосымшасын жасап шығарған. Қосымша қайырымдылық пен әлеуметтік жобаларды жүзеге асыратын волонтерлерге арналған.

Ол бұл жұмысы үшін 31 наурызда «Авторлық құқықпен қорғалатын объектілерге құқықтардың мемлекеттік тізілімге мәліметтерді енгізу туралы» куәлігін алды.

Мобильдік қосымшада әлеуметтік желіде сияқты тіркелушілер жеке профильдік-аккаунт ашып, өзге де қолданушыларды қауымдастықтарға енгізе алады.

«Қазіргі ақпараттық кеңістікте қазақстандық еріктілердің басын қосатын, олар туралы ресми мәліметтер беретін деректер қоры жоқ. Бұл қосымша арқылы осындай проблемаларды шешудің жолын іздедім», - дейді өнертапқыш Бибарыс Ғилаж.

Оның айтуынша, жобаны дайындау үшін ғылыми ресурстарды зерттеген. Нәтижесінде авторлық патентпен бірге, әлемнің ақпараттық-технологиялар саласындағы кез келген университетінде тегін оқуға мүмкіндік алмақ. Қазір ол бағдарламалау тілін толық меңгеруді мақсат етіп отыр.

«Бибарыс Ғилаж –Қазақстан жастары конгресінің инновациялық жобалар байқауының жеңімпазы, республикалық және халықаралық IT-технологиялар мен робототехника конкурстарының жүлдегері. Оның дайындаған мобильдік қосымшасы белгілі қауіптерді алдын алуға, жасырын деректердің таралмауына септігін тигізбек. Қосымшада тек әрбір адамға қажетті негізгі функциялар қолжетімді болады. Мұнда қажетсіз жарнамалар мен спам ескертулер болмайды», -дейді оқушының ғылыми жетекшісі, информатика пәнінің мұғалімі Қазбек Әзербаев.


Соңғы жаңалықтар