Атыраулық 20 мың салық төлеушіге 6 млрд теңге көлемінде жеңілдік берілді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Атыраулық 20 мың салық төлеушіге 6 млрд теңге көлемінде жеңілдік берілді. Бұл туралы бүгін Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Пандемия кезінде кәсіпкерлерге де оңай болған жоқ. Көпшілігі жұмысын тоқтатты. Оны бәріміз де білеміз. Үкімет тарапынан ондай кәсіпкерлерге көмек көрсетіліп жатыр. Облыста 20 мың салық төлеушіге 6 млрд теңге көлемінде жеңілдік берілді. Одан басқа мемлекеттік нысандарда орналасқан 204 шағын және орта бизнес орын-жайды жалға алу төлемінен босатылды. Осындай көмек көрсетіліп жатыр. Басқа да көмек көрсетеміз», - деді Атырау облысының әкімі Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.

Сонымен қатар Махамбет Досмұхамбетов БАҚ өкілдерінің Атырау қаласында орналасқан жүн өңдеу зауытының жабылып қалу алдында тұруына қатысты сауалына жауап берді.

«Ол зауыттың жағдайын білемін. Зауыт пандемия кезінде жұмысын тоқтатқан жоқ. Оның алдында да жұмысы дұрыс жүріңкіремей тұрған. Сондықтан зауыт басшылығымен жеке кездесіп, мәселені анықтап, көмек көрсетуге қандай мүмкіндік бар екендігін қарастыруға дайынбыз», - деді өңір басшысы.


Соңғы жаңалықтар